Шардараға Жамбылдың 690 мың шабағы жөнелтілді

0 0

Қала маңындағы Гродеково ауылында тәлімбалықтарды өсіретін «Сандель» шаруа қожалығының даңмаңдай, тұқы балығына деген сұраныс өте көп. Жуырда ғана Дильмурат Хусаин-Ахунов төрағалық ететін шаруашылық Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзеніне 540 мың тұқы тұқымдас шабақты жөнелткеніне куә болсақ, өткен аптада балықшылар Түркістан облысындағы Шардара су қоймасына 690 мың балық жіберді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Негізі шаруашылық жылына екі рет республикадағы сұранысқа ие су айдындарына шабақ тасымалдайды. Ал тапсырыс берушілер санделдіктердің тірлігі тиянақты екенін жақсы біледі.

Мемлекетіміз балық асырауға ерекше көңіл бөліп отыр. Өздеріңіз білесіздер, бастапқыда қазіргі балық шаруашылығы инспекциясы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің құрамында болды. Жасырары жоқ, қадымымыз қысқарып, бұл сала кенжелеп қалды. Бөлініп шыққалы, жұмыстар жүйеленіп, ел көлемінде балық шаруашылығы дамып келеді. Ал санделдіктермен жұмыс жасап жатқанымызға екінші жыл толды. Балықтары су айдындарына тез бейімделгіш келеді. Шардара су қоймасына 500 мың тұқы балық пен 190 мың даңмаңдайды екі КамАЗ автокөлігіне артып тасымалдағалы жатырмыз, – дейді Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының Түркістан облысы бойынша бөлімінің басшысы Шакен Боранбай.

Сандельдіктер мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасайды. Олар өз істеріне әбден машықтанған. Үш бассейіндегі тәлімбалықтарды шығынсыз құрықпен қалқып алып, суға толы цистернаға тиейді.

Шаруашылығымда 18 адам жұмыс істейді. Айлық табыстары көңіл көншітерлік. Уақытылы беріліп тұрады. Жылына мұнда 3 млн ға жуық шабақ өсіріліп, алдымен елімізге, содан соң облысымыздағы су айдындарына жеткіземіз, – дейді ол.
Ал жұмыстың аяқ алысы мен шаруаның жайын бес саусаңындай меңгерген шаруашылықтың ихтиологы Нұрлан Молдабеков балықтардың күтіп-баптауын, жемшөп шашу, қоймалардағы суды ауыстыру және шабақтарды жөнелту жұмыстарын таптұянақтай орындайды. «Нұрекең – өз ісінің маманы», —  дейді қасындағы әріптестері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.