Тараз қаласында «Жастардың тұлғалық және рухани дамуы» тақырыбында кездесу өтті

0 4

Тараз қаласында «Саналы TALKS» жобасы аясында «Жастардың тұлғалық және рухани дамуы» тақырыбында кездесу өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Достық үйінде» облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен жастар арасында TEDx форматында «Жастардың тұлғалық және рухани дамуы» тақырыбында кездесу өтті.

Аталған жоба 2021 жылға арналған парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді жоспар аясында өз жалғасын тауып келеді.
Аталған шараның басты мақсаты — адалдық пен парасаттылық қасиеттерін дәріптеу, кез-келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, бірегей идеяларды таратуға жол ашу, жан-жақты дамыту, түрлі сала бойынша сауаттылығын арттырып, қоғамға белсене араласуға бейімдеу.

Кездесуде Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Ұлттық Білім Академиясының академигі, Қазақстанның Құрметті ұстазы Бөлеев Қалдыбек «Қазіргі жастарға ұлттық тәрбие берудің қажеттілігі», Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Абилов Меңдібай «Заман және жастар», Жамбыл жоғары медициналық колледжінің терапия пәнінің оқытушысы, медицина ғылымдарының кандидаты Саурбаев Төленбек Қамбарбекұлы «Адалдық пен сенімділік», Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушылары, тарих ғылымдарының магистрі Шайкиева Сандуғаш Асанқызы «Отансүйгіштік және руханият» және педагогика ғылымдарының магистрі Мырзахметова Макпал Төленқызы «Жеке тұлғаның құндылықтары және рухани дамыту» тақырыбы аясында сөз қозғады.

Жоба ұйымдастырушылардың айтуынша дара тұлғалармен, осы заманның көшбасшыларымен өткен кездесулер жас ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие беруге, жастардың бойында жалпы адамзаттық құндылықтарды дамытуға, жаңа демократиялық қоғамда өмір сүруге қабілетті азамат патриот қалыптастыруға, тұлғаның саяси мәдениетін дамытуға ықпал етеді.

Кездесуге қатысушы С.Шайкиева: «Қазіргі кездегі жастардың ұлттық мәдениеттегі үлесі орасан. Себебі ұлт болашағы, қазақ халқының дәстүрінің жалғасы осы жастардың бойындағы ұлттық сана-сезім мен дүниетанымына тікелей тәуелді. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Сондықтан мектептерде, кәсіби білім беру саласында және жоғары оқу орындарында ұлттық-рухани құндылықтарымызды көбірек жастарға жеткізіп, зиянды ағымдар мен теріс пиғылды ұйымдардан сақтандырған дұрыс.», — деп өз ойымен бөлісті.

Қорыта айтқанда, озық жетістіктерге негізделген білім нәрімен қатар, ұлттық тәрбие құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ ғана ұлт тағдырын тереңінен таразылап, болашағын болжай білетін тұлға ретінде қалыптастырары анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.