Денсаулық сақтау саласында комплаенс қызметі жолға қойылған

0 2

«Antikor» орталығында Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың қатысуымен тікелей эфир өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған эфирде Аманбек Қабдешұлы ауруханалардың атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша 16 стационарлық және 62 мемлекеттік медициналық ұйым және 13 жекеменшік емхана халыққа қызмет етеді.

Сондай-ақ, эфир барысында спикер денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелерде енгізілген комплаенс қызметінің маңыздылығы туралы айтты.

«Қазір комплаенс қызметіне жауапты арнайы қызметкерлер тағайындалды. Сондай-ақ, таңдалған медицина қызметкерлеріне оқыту процесі жүріп жатыр. Түгелдей ведомстволық бағыныстағы мекемелерге комплаенс жүйесін енгізіп, талапқа сәйкестендірілді. Қазіргі таңда 28 денсаулық сақтау объектілерінде комплаенс қызметі енгізілген. Денсаулық сақтау мекемелері жемқорлықтың алдын алу бағытындағы шаралар үшін бұл қызметтің оңтайлы әсері бар екенін мойындайды,» деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Айта кетейік, комплаенс қызметі – мекемедегі адалдық стандарттарының сақталуына бақылау жасап, жемқорлық деректерінің алдын алуға көмектеседі.

Бұдан бөлек, эфир спикері «Ақтау қалалық перинаталдық орталығы», «Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығы», «облыстық көпбейінді аурухана», «Мұнайтелеком», «Ақтау қалалық №2 емхана» мен «облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы», «Қарақия аудандық орталық ауруханасы» мекемелерінде ISO:37001 халықаралық стандартының сәтті енгізілгенін атап өтті.

Тікелей эфир кезінде Аманбек Қабдешұлы аурудың деңгейі, өршуіне байланысты облыстық аурухана мен облыстық балалар ауруханасының базасы нығайтылып жатқанын айтты.

«Осы ауруханалардың деңгейі төмендеу болған соң, Астана, Алматы қаласына кететін науқастар саны көбейіп кетті. Оларға барынша облыс көлемінде көмек көрсету бағытында жұмыс жасап жатырмыз,» деді спикер.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыстық балалар ауруханасында операциялық бөлім түгелдей соңғы заман талабына сәйкес жасақталып, Мәскеуден арнайы дәрігерлер келген. Сондай-ақ, облыстық ауруханалар  МРТ, КТ сыңды жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Эфир барысында Аманбек Қабдешұлы осыған дейін Департамент жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы сыртқы талдау жұмыстары кезінде анықталған кемшіліктерді жою бағытындағы шараларға да тоқталды.

Өз кезегінде, Аманбек Жұмыров саладағы жемқорлық әрекеттерімен күрестің және оның алдын алудың жалғасатынын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.