ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Қазіргі таңда ақшаны тиімді пайдалану керек – Жақсылық Үшкемпіров

Қазіргі таңда ақшаны тиімді пайдалану керек – Жақсылық Үшкемпіров

 

«Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына түскен. Аталған заң жобасын әзірлеу Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» шеңберінде дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және дене шынықтыру – сауықтыру объектілерін салу бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатына негізделген. Осы жасалып жатқан жұмыстар жөнінде 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

 

«Қазіргі таңда ақшаны тиімді пайдалану керек. Себебі, үкімен ақшаны спортқа өте көп бөліп жатыр. Оның барлығы дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін екені анық. Себебі, дені сау ұрпақ - болашақтың кепілі. Сондықтан біздің ұрпақ өзге елдің балаларынан мықты болса екен деп армандаймыз. Біз осыған дейін де талай Олимпиаданы бағындырдық. Бұл жерде тек спортта ғана емес. Өзге де Олимпиада жарыстарында жеткіншектеріміз жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Спортта ғана емес, математика, физика, химия жарыстары болса да, қазаққа тең келетін ұлт жоқ. Шахматтан да қазақ ең мықты халық екенін дәлелдеп үлгерді. Жалпы қазақ халқы қай салаға болсын тез бейімделеді. Бұл халқымыздың денсаулығы мықты, ойлау қабілеті күшті екенін білдіреді», –дейді Ж.Үшкеміров.

Чемпионның айтуынша, спорттан білімің болмаса, Олимпиада ойындарында мықтыларды жеңе алмайсың. Дене қуатымен бірге ой мен ойлау қабілеті де керек . Сол үшін спортқа бөлініп жатқан қыруар қаржыны тек бір спорт түріне ғана арнауға болмайды.

«Мысалы бір облыстың бюджетіне 5 миллиард теңге бөлінді деп есептейік. Міне, осы 5 миллиардтың 3 миллиардын тек қана футболға бөлетін жағдайлар жиі кездеседі. Бұл дұрыс емес. Қаржыны бөлгенде бар спорт түрлері ескерілу керек. Көп жағдайда қазақтың ұлттық спорт түрлеріне қаржы жетіспей жатады. Осыны да ойлауымыз керек. Болмаса, сол қалада қай спорт түрі ақсап тұр, сол спорт түрін дамытуға көптеп көңіл бөлу керек. Ал, одан болмаса енді-енді дамып келе жатқан спортты одан ары көтеріп жіберуге күш салғанымыз абзал. Сондықтан спортқа мемлекет басшысының қолдауымен беріліп жатқан қыруар қаржыны жекелеген бір спортқа қана жұмсамай көптеген спорт түрлеріне жеткізе білу керекпіз. Бұл қазақ спортының ертеңі үшін жасалған үлкен игілікті іс. Міне, әр облыс ақшаны спортқа осылай жаратуы керек деп есептеймін. Біз өз ақшамызды нағыз керек жерге, ұтымды пайдалануымыз керек. Алдағы спорт туралы заңдарға өзгеріс жасағанда осы жағына баса назар аударуымыз керек деп ойлаймын», – дейді Олимпиада жеңімпазы.

Пікір: 0
Пікір қосу