ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » 12 қазан. Қазақпарат күнтізбесі: атаулы күндер,оқиғалар, есімдер

12 қазан. Қазақпарат күнтізбесі: атаулы күндер,оқиғалар, есімдер

  2017 жылғы 12 қазан 06:30 192 АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 12 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады. 12 қазан, БЕЙСЕНБІ  БҰҰ-да испан тілі күні Біріккен Ұлттар Ұйымы қоғаммен байланыс департаментінің бастамасымен атаулы күндердің қатарына енді.

2010 жылы бұл құрылым БҰҰ ресми алты тілінің әрбірі үшін атаулы күнді бекіту ұсынысын жасады. Содан бастап испан тілі күні 12 қазанда тойланады. Бразилияда сәби күні Мұндай мерекені атап өту ұсынысын алғаш рет 1920 жылы Galdino do Valle Filho федералды жиынының депутаты жасады.  Нәтижесінде 1924 жылы Бразилия президенті Артур Бернардес ұсынысты құптады. Осылайша 12 қазан бразилиялық балалар үшін ресми мереке болып бекітілді.   Испанияның мемлекеттік мейрамы - испан ұлтының күні Христофор Колумбтың Американы ашқан жылының құрметіне орай атап өтіледі (1492). Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 11 ақпанда орнатылды. Экваторлық Гвинея Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні Экваторлық Гвинея - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Гвинея-Бисау, Сенегал, Малимен, шығысында және оңтүстік-шығысында Кот-д' Ивуармен, оңтүстігінде Либерия, Сьерра-Леонемен, батысында Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Конакри қаласы.

Мемлекеттік тілі - француз тілі. Ақша бірлігі - гвинея франкі.

Дүниежүзілік көз күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бастамасымен қазанның екінші бейсенбісі күні атап өтіледі. Дүниежүзілік артритке қарсы күрес күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бастамасымен 1996 жылдан бері жыл сайын атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1965 жылы Өскемен әуежайына алғаш рет АН-24 лайнері қонды, Өскемен мен Алматы арасындағы тікелей әуе рейстері ашылды.

1991 жылы Қазақстан Жастар одағы құрылды. Басты мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың зияткерлік қабілеттерін дамыту, елдегі жоғары оқу орындары студенттерінің мәдени және экономикалық құқықтарын қорғау.

1997 жылы Алматыда Ұлттық ақпарат орталығы ашылды.

1998 жылы композитор Шәмші Қалдаяқовтың (1930-1992) Алматыдағы зиратына ескерткіш қойылды.

2000 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу және беру ережесін бекіту туралы» Жарлығы жарық көрді. 

2004 жылы Қазақстан білім мен ғылым қызметкерлерінің үшінші съезі өтіп, онда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың проблемалары мен негізгі бағыттары туралы сөз сөйледі.

2005 жылы Ресейдің Астрахань облысы Володар ауданындағы Алтынжар селосында ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы мемлекетаралық мәдени орталық ашылды. Киіз үй пішіндес ғимаратта Құрманғазының мұражайы, қазіргі заманғы қонақүй және музыка бөлмесі орналасқан. Соңғысында домбыра, фортепьяно, баян және теориялық музыка сыныптары бар. Ал мұражайға 19 ғасырдағы қазақ тұрмысының жәдігерлері, Құрманғазының киімдері мен тұтынған заттары қойылған.

2008 жылы 12-14 қазан аралығында Австрияның Федералдық Президенті Хайнц Фишердің Қазақстанға ресми сапары болды. Сапар барысында еліміздің басшысымен келіссөздер жүргізіліп, екіжақты ынтымақтастықтың бүкіл салалары талқыланды.

2009 жылы Минск қаласында өткен жылдың үздік құрылысы және жобасы халықаралық байқауында қарағандылық архитектор Рамазан Әубәкіровтің жұмысы Алтын медальмен марапатталды. Халықаралық архитекторлар одағының қауымдастығы өткізіп отырған байқауға Қарағандыдан 5000 орындық мешіттің жобасы ұсынылды. Жұмысты орындаған авторлардың бірі Р.Әубәкіровтің айтуынша, «жоба қасиеті Қағба тасының бейнесіне келтіріліп жасалған». Авторлар куб формасындағы мұсылман мешітін, күмбезі мен мұнарасын ақ түспен жасауды және оларды шынымен қаптап қоюды ұсынды.

2010 жылы Хорватия астанасы Загребтегі «Мимара» мемлекеттік музейінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандық жол» кітабының хорват тіліндегі нұсқасының тұсауы кесілді.

2011 жылы Жеңіл атлетика федерацияларының халықаралық қауымдастығы (IAAF) Алматыдағы Орталық стадионға оның жүгіру жолақтары қаптамасының халықаралық жарыстарды өткізуге қойылатын IAAF-тың барлық техникалық талаптары мен ережелеріне жауап беретіндігі жөнінде сертивикат берді. Осылайша Алматы орталық стадионының жүгіру жолағы 2 класс жеңіл атлетика нысаны ретінде мойындалды. Бұл оған халықаралық жарыстарды өткізу құқығын береді. Бұл Орталық Азиядағы осындай сертификатқа ие жалғыз стадион екенін атап көрсеткен жөн.

2011 жылы 75 жастағы қарағандылық марафоншы Павел Сиротин 20 км қашықтықта ардагерлер арасындағы ІІ Еуропа ойындарының жеңімпазы атанды. Аталған жарысқа Еуропаның 40-тан астам елінен жиналған спортшылар қатысқан болатын.

2011 жылы Астанадағы «Ядросыз әлем үшін» Халықаралық форумының қорытындысы бойынша ядросыз әлем туралы Декларация қабылданды.

2011 жылы РФ Астрахан облысы Шағын Арал ауылында Бөкей хан кесенесінің ашылу салтанаты өтті. Бөкей хан тарихқа Бөкей ордасының негізін қалаушы ретінде енді. ХІХ ғасырдың бас кезінде қазақтар жоңғар тайпаларын ығыстырып шығарған тұста ол І Павел патшамен келіссөз жүргізіп, Жайықтың оң жағалауын иеленді. 1812 жылы Бөкей ордасын құрды, бұл мемлекет 1845 жылға дейін өмір сүрді. Ол Еділ мен Жайық өзендерінің арасында, қазіргі Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында, сондай-ақ ішінара қазіргі Қазақстанмен шектесетін Ресей жерлерінде орналасты. Бөкей хан Астрахань облысында, өзінің рухани ұстазы, ғұлама Сейіт бабаның қабірінің жанына жерленді.

2012 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «proof» сапасымен номиналдық құны 100 теңгелік «Барыс» және номиналдық құны 500 теңгелік бір гауһар орнатылған «Үкі» ескерткіш алтын монеталарын айналымға шығарды. 

2015 жылы Қазақстан Республикасының Қасиетті тақ жанындағы елшілігі дінаралық диалог жөніндегі Папа Кеңесімен ынтымақтастықта Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында Ватиканда «Қазіргі әлемдегі этносаралық және конфессияаралық келісім» ғылыми-практикалық конференциясы және фотокөрмесін ұйымдастырды.

1968 жылы Мексикада астанасы Мехикода Олимпиада ойындары басталды. Бұл ойындардың ерекшелігі алғаш рет таулы аймақта өткізілді. ЕСІМДЕР 94 жыл бұрын (1923-2009) қазақ халқынан шыққан тұңғыш сүңгуір кеме капитаны, КСРО Әскери-теңіз флотының 1-дәрежелі капитаны ИХАРОВ Қуанғали Жұмәліұлы дүниеге келді.  Ресейдің Астрахань қаласында туған. Баку қаласындағы теңізшілер техникумын, Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) Жоғары әскери-теңіз училищесін, Владивостоктағы командирлер курсын бітірген. Ұлы Отан соғысы жылдары Новороссийск, Тамань, Керчь, Туапсе, Армавир, Темрюк қалалары маңайындағы ұрыстарға қатысқан. Соғысты Берлинде аяқтап, 1945 жылы 24 маусымда Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары Тынық мұхитында «Щука» сүңгуір қайығында, алысқа жүзетін «АТ-312» танкерінде капитан болды. Астрахань теңізшілер училищесінде, Калининград Әскери-теңіз училищесінде, Атырау теңізшілер мектебінде дәріс берді. «Ленин», «Александр Невский», 1-2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», «Даңқ» ордендерімен, 18 медальмен марапатталған. 89 жыл бұрын  (1928-2002) жазушы ЫБЫРАЕВ Жүніс дүниеге келді.  Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы», республикалық «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, «Агропромышленный комплекс Казахстана» - «Қазақстан агроөнеркәсібі» журналында жауапты қызметтер атқарған. Көптеген көркем очерк кітаптарының авторы, көптеген жинақтар құрастырған. М.Слуцкистің, А.Курчаткиннің роман, әңгімелерін қазақшаға аударып, кітап етіп бастырған. 83 жыл бұрын (1934-1997) палуан, еркін күрестен тұңғыш қазақстандық спорт шебері, Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы БАЙДОСОВ Қабден Рахманқұлұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Қазақ дене тәрбиесі институтын бітірген.  Еркін күрестен Қазақстан бойынша алғаш чемпион (1955 жылы), тұңғыш КСРО спорт шебері (1957 жылы) атанды. Бүкілодақтық «Буревестник» спорт қоғамының чемпионы (1957), күміс жүлдегері (1958-1959 ж.). Қабден Рахманқұлұлы еркін күрестен Қазақстан, Орта Азия біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, бүкілодақтық жарыстардың жүлдегері. Қазақстан еркін күрес құрама командасы балуандарының негізгі жаттықтырушысы ретінде жұмыс істеген. Ұзақ жылдар дене тәрбиесі институтында, кейіннен Қазақ спорт және туризм академиясында оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі болған. 40-қа жуық спорт шеберлерін дайындаған. Оның ішінде елімізге белгілі Ә.Айханов, А.Ғапсаттаров, А.Бұғыбаев, А.Семкин, Ж.Жарқынбаев, С.Мұқышев, Р.Нұрманов сияқты тағы басқа спортшылар бар. Одақ көлемінде аса білгір маман ретінде танылып, алғашқылардың бірі болып, Куба балуандарын даярлауға шақырылып, жемісті жұмысы еленіп, КСРО-ның еңбегі сіңген тәлімгер ұстазы, Еңбек сіңген мәдениет қызметкері атақтарына ие болған. Еркін күрестен Қ.Байдосов атындағы халықаралық турнир өткізіліп тұрады. Көптеген медальдармен марапатталған. 79 жыл бұрын (1938-2014) Қазақстан Республикасы Туының авторы,  монументші-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері НИЯЗБЕКОВ Шәкен дүниеге келді. Тараз қаласында туған. Санкт-Петербург көркем өнеркәсіп институтын бітірген.

1963-1966 жылдары - Санкт-Петербургтағы Электр пісіру жабдықтарының бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының суретші-конструкторы.

1966-1968 жылдары - Қазақ КСР халық шаруашылық жетістіктері көрмесінің суретшісі.

1969-1982 жылдары - Алматы қаласының бас суретшісі.

1982-1987 жылдары - Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы.

1983-1984 жылдары - КСРО Суретшілер одағының хатшысы. Ол «Абай», «Музыка сазы», «Аңшылық», «Құрманғазы», «Кісен ашқан», «Әли Батыр», «Сырым Датов», т.б. алюминийге, мысқа, жезге бедерленген монументтік туындылардың, Қазақстан Республикасы Туының, Алматы қаласы таңбасының авторы. Техника ғылымының докторы В.Зайчикпен бірлесіп жасаған пісіргіш машинасы Монреальдағы дүниежүзілік көрмеде көрсетілді. «Глобус» телевизорының көркемдік-конструкторлық сапасы үшін 1965 жылы Чехословакияда өткен халықаралық конкурста 1-ші дәрежелі сыйлық берілді. «Құрмет» орденімен марапатталған. 74 жыл бұрын (1943) әнші, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі БАЙМОЛДИНА Жұлдыз Әбілқайырқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Мәскеу университетін, Италияның Неаполь қаласындағы Сан Пьетро а Майелла консерваториясын, Мәскеу қаласындағы КСРО Ғылым академиясы Орыс тілі институтының аспирантурасын бітірген.

1967-1973 жылдары Неаполь қаласындағы университет жанындағы Шығыс тілдер институтында орыс тілінен сабақ берген.

1973-1977 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театры құрамында соло-әншісі болып, Сара (М.Төлебаев «Біржан-Сара»), Ажар (А.Жұбанов, Л.Хамиди «Абай»), Прилепа (П.Чайковский «Қарғаның мәткесі»), Виолетта, Валера мен Джильда (Дж.Верди «Травиата», «Риголетта»), Розина (Дж.Россини «Севилья шаштаразы»), Цермина (В.Моцарт «Дон Жуан»), т.б. партияларын орындады. 1981-1984 жылдары - Қазақ филармониясының соло-әншісі.

1983-1994 жылдары Алматы театр және кино институтында (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) ұстаздық етті.

1993 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясында итальян тілінен сабақ берді. Ол орыс тілі синтаксисіне, сондай-ақ, кәсіби әншілік дауысты игеріп қалыптастыру мәселелері жөнінде ғылыми-әдістемелік еңбектер жазды.

1984 жылы гастрольдік сапармен Францияда болды. 151 жыл бұрын (1866-1937) Ұлыбританияның мемлекет және саяси қайраткері МАКДОНАЛЬД Джеймс Рамсей дүниеге келді.  

Дереккөз: inform.kz

Пікір: 0
Пікір қосу