ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Ханқорған қалашығы аспан астындағы музейге айналмақ

Ханқорған қалашығы аспан астындағы музейге айналмақ

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ханқорған қалашығы алдағы уақытта толық археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астындағы музейге айналатын болады. Бүгін бұл туралы Сайрам ауданындағы Ханқорған қалашығында Оңтүстіктегі археологиялық тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша өткен жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz ақпараттық агенттігі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша археологиялық тарихи орындарды дамытуды нақтылап, пысықтап алу мақсатында өткен жиынға өңірдегі тиісті басқарма басшылары, мамандар мен бір топ археолог-ғалымдар қатысты.

Оңтүстік Қазақстан облысында еліміздің тарихы мен мәдениеті үшін айрықша маңызы бар сәулет және археология ескерткіштерінің үлкен шоғыры орналасқан. Тарихымызды түгендеп, тамырымызды танып, білуде халықтың өткен тарихынан нақты мағлұмат беретін археология ескерткіштерінің алар орны да ерекше.

«Бүгін «Ханқорған» қалашығын аралап көріп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын облысымызда жүзеге асыру мақсатында жиналып отырмыз. Облысымызда есепке алынған тарих пен мәдениет үшін маңызы зор 1281 тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар. Оның ішінде сәулеттік ескерткіштер 218, археология ескерткіштерінің саны 1063-ті құрайды. Осы тарихи орындарымызға кезең-кезеңімен археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіруіміз қажет», - деді облыс әкімі.

ОҚО-да туризм саласын дамыту мақсатында жергілікті өңірлер бойынша тарихи орындарды қалпына келтіру үшін арнайы бағдарлама дайындалып, кезең – кезеңімен іске асырылатын болады. Бірінші кезекте Қазығұрт, Ордабасы тауларын, ортағасырлық Отырар, Оқсыз, Сауран, Сидақ, Мәртөбе, Ханқорған қалашықтары, Жуантөбе, Қараспан, Күлтөбе сияқты ежелгі елді мекендеріне археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіру жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар, бүгінде жойылып кеткен археология және сәулет ескерткіштеріне жататын Қошқар ата, Керуен сарай, Созақ ауданындағы Жүсіпбек, Жәкел датқа кесенелерін және тағы басқа да тарихи нысандарды да қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.

Жиында Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Байтанаев Ханқорған қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу туралы баяндама жасады.

Мұнан соң сөз алған «Сәулет бюро» КММ-нің директоры Бақытжан Әшірбаев облыстағы археологиялық тарихи орындарды қалпына келтіру, абаттандыру туралы сөз қозғады.

Жиында Түркістан қаласындағы археологиялық ескерткіштердің жай-күйі де талқыланды. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі археология бөлімінің меңгерушісі Марат Тұяқбаев баяндап берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі өңірдегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жөнінде сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Дереккөз: baq.kz

Пікір: 0
Пікір қосу