Кәсіпорын жетекшілері мен кәсіпкерлер қаланы көркейту ісінен шет қалмауы керек – А. Мырзахметов

0 0

Тараз қаласындағы әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарының тыныс-тіршілігімен толығымен танысқан өңір басшысы қала әкімдігінің мәжіліс залында актив жиынын өткізді. Бұл жолы да облыс әкімі ұзын-сонар баяндамаларға құлақ салмай, нақты мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Қалыптасқан мәселелерді шешуге жауапты салалық басқарма басшылары мен қала әкімінен, орынбасарлары мен бөлім меңгерушілерінен «сынақ» қабылдады.

Өңір басшысы әуелі бір кездері химия өнеркәсібімен аты шыққан Тараз қаласындағы өндіріс орындарының жай-күйіне баса назар аударды. Өз сөзінде облыс әкімі өнім шығаратын кәсіпорындарды қолдауға көп көңіл бөлінгенін атап өтті. Мәселен, өткен жылы 86 кәсіпорын 7,5 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болған. Сол секілді, мемлекет қолдауын сезінген 17 737 жеке кәсіпкер де өз ісін өрісін кеңейтуге мүмкіндік алған.

Осы ретте, Асқар Исабекұлы аталған кәсіпорын жетекшілері мен кәсіпкерлер қаланы көркейту, көгалдандыру ісіне үлестерін қосудан шет қалмауы керектігін еске салды. Әулиеатаның әлеуетін арттырудағы басымдық кәсіпкерлік, өнеркәсіп салаларына берілуі тиіс керек екенін атап өтті.

Екі күн бойы қаланы аралағанда байқағаным, көптеген ғимараттар пайдаланылмай бос тұр. Осыны ескере отырып жауапты тұлғаларға облыс аумағындағы қолданыстан шығып қалған ғимараттардың жалпы саны туралы мәлімет әзірлеуді тапсырамын. Оларды мемлекет меншігіне қайтарып, өңір экономикасына пайда әкелуге ниетті кәсіпкерлерге беріледі.

Сондай-ақ облыстың экспорттық, импорттық әлеуетіне сай карта түзу қажет. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарының санын мейлінше көбейте түскен жөн. Өнімді өндіруден бөлек оны саудалау ісінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі сауда-логистикалық орталығын құру мүмкіндігін қарастыру керек,– деді Асқар Исабекұлы.

Актив жиынында қаланы көркейту мәселесі де кеңінен сөз болды. Бұл орайда, Асқар Мырзахметов ақпан айынан бастап апта сайын қала құрылысы кеңесіне жиналып, шаһардың ажарын ашатын жобалардың талқыланатынын жеткізді. Сондай-ақ қала көшелеріндегі жарнамалық билбордтардың талапқа сай әзірленбегенін және орталық даңғылдардағы бағдаршамдардың көптігін сын тезіне алды.

Жиында облыс орталығында таяу арада бой көтеретін 14-ші және 15-ші шағын аудандардың құрылысы мен жеке тұрғын үй салуға жер алу үшін кезекте тұрғандардың жайы да жан-жақты талқыланды.

Қазіргі таңда Тараз қаласында 67 мыңдай адам жер алу үшін кезекте тұр. Олардың әрқайсысының әлеуметтік жағдайын, санаты зерделенсін. Ал, жаңа шағын аудандардағы құрылыс заманауи үлгіде барлық талаптарға сай жүргізілуі қажет.

Тағы бір ескере кететін жайт 58 мың халқы бар «Шалғай Қарасу» иінінде көктем айларында жер асты суы көтеріледі. Осы мәселені реттеуде сол иінде жер асты суларының мөлшерін реттеп отырып дренаж құрылысын жүргізуге жедел кіріскеніміз жөн, – деді облыс әкімі.

Басқосуда облыс әкімі шаһар көлеміндегі өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу тетіктерін қарастырып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.