Қостанайлық спортшы 35 жыл бойы сақталған рекордты жаңартты

0 0

Қостанайлық Татьяна Нерознак жеңіл атлетикадан Өскеменде өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жеңіл атлетикадан 2018 жылғы ел біріншілігі Өскемендегі Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы жабық кешенде басталды. Жарыстың бірінші күні 1 500 метрге жүгіруден Қазақстанның  спорт шебері, қостанайлық Татьяна Нерознак алдына жан салмады. Ол аталған қашықтықты 4 минут 20,28 секундта жүгіріп өткен. Сондай-ақ, Нерознак 3 000 метрге жүгіруден де бірінші келіп, 1983 жылдан бері сақталып келе жатқан ел рекордын жаңартты. Рекордшының көрсеткіші — 9 минут 17,94 секунд. Спортшының жаттықтырушысы Төкеш Ибраевтың айтуынша, бұл жетістік — талай жылғы дайындықтың жемісі. «Елдің басты турниріне тыңғылықты дайындалдық. Бастысы, Татьяна ел чемпионатында бұрын есесі кетіп жүрген қарсыластарының алдын орап кетті. Бір жағынан, ол атақты қарағандылық желаяқ Валентина Шатейкоға тиесілі болған рекордты жаңартты. Енді біз 1-3 ақпан аралығында Иранның Тегеран қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысамыз», — деді жеңіл атлетшінің бапкері агенттік тілшісіне. Айта кетейік, еліміздің 5 жеңіл атлеті 2018 жылдың алғашқы айындағы әлемдік рейтингте үздік 15 спортшының қатарында тұр. IAAF түзген рейтингте қазақстандық спортшылар арасында қостанайлық Татьяна Нерознак сегізінші сатыда орналасқан.

Дереккөз:  inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.