Өңір басшысы Асқар Мырзахметов өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын азайтуды тапсырды

0 0

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәселесі бойынша жиын өткізіп, тиісті басқарма басшыларының назарын салада қордаланған бірқатар түйткілдерге аударды.
Күнтәртібіндегі мәселеге қатысты өңір басшысының сауалдарына облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков пен облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов жауап берді.
Жалпы, 2017 жылдың 2 тоқсанындағы статистикалық мәлімет
бойынша облыстағы экономикалық белсенді халықтың 42,4 пайызы өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың санатында екен.
Өткен жылдың қыркүйек айында Елбасының облысқа жасаған жұмыс сапары кезінде ұйымдастырылған актив жиынында өңірдегі өз бетімен жұмыспен қамтылғандардың санын мейлінше азайту тапсырған болатын. Сол уақытта бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстағы өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны 35,4 мың адамға азайды. Мұнан бөлек, нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың саны да 146,9 мың адамнан 89,7 мың адамға кеміген.
Өңірдегі өз бетімен нәтижесіз жұмыспен қамтылғандарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту және еңбек қатынастарын заңдастыру бағытындағы жұмыстардың жемісі ретінде оларды жалдамалы жұмыскерлер санатына ауыстыруға қол жеткізілді. Сәйкесінше, есепті кезеңде жалдамалы жұмыскерлердің саны 38,8 мың адамға көбейіп отыр.
Сонымен қатар, өңір басшысы салалық басқарма басшыларын халықтың тұрмысын жақсарту, олардың өмір сүру деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізуді міндеттеп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын азайтуды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.