Т.Рысқұлов ауданында қордаланған мәселе көп

0 0

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Т.Рысқұлов ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысып, олардағы жұмысты жүйелеу жайына баса назар аударды.

А.Мырзахметов ауданға жұмыс сапарын Ақыртөбе автоматтандырылған газ тарату станциясын пайдалануға беруге әзірлік жұмыстарын көзбен көруден бастады. Сағатына 35 текше метр газ өткізуге қабілетті нысанның өзіндік құны 473,4 миллион теңгені құрайды. Станция наурыз айында іске қосылмақ. Алайда, нысанның құрылысын өз уақытында аяқтауға жобалық-сметалық құжаттарын түзуде құрал-жабдықтарға жұмсалатын шығынның дұрыс есептелмеуі кедергі болып отыр. 21 миллион теңгенің көлеміндегі қаражатты алу үшін қайтадан жобалық сметалық құжат әзірленуде.

Облыс әкімі А.Мырзахметов құжатты әзірлеуде қателікке бой алдырған жауапты тұлғалардың жұмысын сын тезіне алып, оларға құрылысты өз уақытын аяқтауға көңіл бөлу қажет екендігін айтты.

Мұнан соң, өңір басшысы ат басын бұрған Құмарық ауылындағы су тазарту жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары да қаржыландыруды сұранып тұр. Іргетасы 1967 жылы қаланған ғимараттағы су тазарту сүзгілерімен хлорланған суға арналған қондырғылардың да тозығы жеткен. Соның салдарынан жақын маңдағы Құмарық, Қаракемер, Алғабас ауылдарының тұрғындары тау өзендерінің суын ауыз су ретінде қолдануға мәжбүр. Қалыптасқан жағдаймен жақынырақ танысқан өңір басшысы мәселені тез арада шешуді тапсырды.

Келесі сәтте облыс әкімі Құлан ауылында орналасқан оқу ордасына барды. 1923 жылдан бері ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап келе жатқан Құлан ауыл шаруашылық колледжінде бүгінде 10 мамандық бойынша 685 студент білім алады. Оқу ордасының жатақханасына 2013 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал үш жыл өткен соң №2 оқу-тәжірибелік блогы да жөнделді. Колледж әкімшілігі өңір басшысынан оқу ғимараттын толығымен күрделі жөндеуден өткізуге қолдау көрсетуді сұранды.

Сондай-ақ, аудандағы жұмыс сапарында өңір басшысына Ақтоған макарон өнімдерін шығаратын зауыттың да жұмысы таныстырылды. Алайда кәсіпорын өзінің толық өндірістік қуатынан шыға алмай келеді. Облыс әкімі жауапты сала басшыларынан нысандағы жұмыстың тұралауының себебін сұрап, мәселені шешу жолдарын шешу жолдарын ұсынды.

Өңір басшысы «Сұлутөр» ауыл шаруашылығы кооперативінің де тыныс-тіршілігін назарынан шет қалдырмады. 35 жергілікті тұрғын мүшелікке өткен агроқұрылымның иелігінде 330 сауын сиыр бар. Шаруалар нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамынан 101 миллион теңге көлемінде несие алған.

Мұнан соң, өңір басшысы «Сұлтан» шұжық шығаратын цехта болды. Күніне 1 тоннаға жуық өнім шығаратын кәсіпорын бүгінгі таңда шикізатты базардан алып келеді. Соның салдарынан шұжық өнімдерінің бағасы шарықтап тұр. Цехтағы жағдаймен танысқан А.Мырзахметов жеке кәсіпкерге етті аудандағы кооперативтерден алуды ұсынды. Сонымен бірге, облыс әкіміне бұрынғы кеден бекетінің бос қалған ғимаратының бүгінгі ахуалы мен оны мемлекеттік меншікке өткізіп жөндеуден өткізіп емхана ретінде пайдану мүмкіндігі де таныстырылды.

Облыс әкімінің Т.Рысқұлов ауданындағы жұмыс сапары актив жиынымен аяқталды. Басқосуда аймақтағы сан-салада қордаланған мәселелерді шешу жайы сөз болды. Бірінен соң бірі мінберге шығып, баяндама жасаған басқарма басшылары аудандағы бірқатар жайттарда хабар берді. Атап айтқанда, аудандағы кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласының ілгерілетуге кедергі көп. Жер мәселесінің де жағдайы мәз емес. Білім саласында да мәселе шаш етектен. Аудан мектептерінің түлектері соңғы бес жылда Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары көрсеткішке қол жеткізе алмай келеді. Осы сәтте өңір басшысы аудан әкімінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасарын сұрақтың астына алып, көрсетілген кемшілікті оқу жылының соңына дейін түзеп, сала басшыларын өз жұмысына жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Сондай-ақ, аймақтағы ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлік саласын өркендету де жергілікті атқарушы биліктің жіті назарында болады. Актив жиынын түйіндеген өңір басшысы ауданның әр саладағы мол мүмкіндіктерін оның әлеуетін көтеруге пайдалану жайына баса назар аударды. Ол үшін ауыл, аудан әкімдері мен басқарма басшылары тығыз қарым-қатынастар жұмыс істеуі керек

Leave A Reply

Your email address will not be published.