Аты-жөні мен азаматтығын өзгерткен спортшы Қазақстанға алтын әперді

0 1

Ақтық сында Санаев жапон Казуй Коянагиді 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Еркін күрестен қазақстандық палуан Нұрислам Санаев 61 келіге дейінгі салмақта Бішкектегі Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Vesti.kz порталы хабарлады.

Ақтық сында Санаев жапон Казуй Коянагиді 6:2 есебімен тізе бүктірді. Ал финалға жолдамаға ол моңғолиялық Цинзорига Цермаамен, қырғызстандық Ұлықбек Жолдошбековпен және ирандық Иман Мохтар Садегикоукандехамен күресті.

Бұл еркін күрестен Қазақстан құрамасының осы турнирдегі екінші алтын мелалі. Таяуда Азия чемпионатында 65 келіге дейінгі салмақта Дәулет Ниязбеков бірінші орын алған еді.

Жарыстың қола жүлдесін қазақстандықтар Жандос Исмаилов пен Мейіржан Әшіров жеңіп алған.

Айта кетейік, Нұрислам Санаев тывалық Чадан қаласының тумасы. Оның шын аты-жөні Артас Санаа. 2014 жылы ресейлік спортшы Қазақстан азаматтығын алып, ислам дінін қабылдап, есімін өзгерткен еді. Палуан Рио-де-Жанейродағы Олимпиадада ел намысын қорғаған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.