Ақтөбеде баласын өлтірген адамды таба алмаған ана сыйақы тағайындады

0 7

Ақтөбеде қарбыз сатуға шыққан баласынан айырылған Райхан Есенаманова 7 айдан бері күдіктінің табылмағанына алаңдап отыр. Ол баласы алып кеткен көлік иесін айтқан адамға сыйақы тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Ерхан Тілеумбетов тамыз айында қарбыз сату үшін базарға барып, кейін қымбат көлікке мініп кеткен болатын. Екі ай бойы із-түзсіз жоғалған жігіттің кейін бөлшектелген мәйіті табылды. Анасы сол кездері баласын іздеп, базарға барған, адамдардан көмек сұраған.

«Балам жоғалған кезде бір айдан астам уақыт бойы базарда жүрдім. Күнде барып, сатушылар мен иелеріне жалынып, аяғына жығылдым. Олардан ешқандай көмек болмады. Полиция алғашқы кезде іздеу жұмыстарына көп мән бермеді. Қымбат көлік біздің қалада көп емес. Иесін табуға мүмкіндігі болды деп есептеймін. Менің ойымша, күдікті базардың ішінде. Ұлым бірінші рет қарбыз сатуға шықты, ол жердің заңдылығын білмейді», — деді Райхан Есенаманова.

Айта кетейік, осы оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Күдікті анықталған жоқ.

«Қасақана кісі өлтіру бойынша тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Апта сайын осы тергеу тобының жұмысын қадағалап отырмыз. Қылмыс әлі ашылған жоқ», — деді облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары Айдар Төкеев.

Ерхан Тілеумбетовтың анасы баласын алып кеткен қымбат көлік туралы кез келген ақпарат берген адамға сыйақы беретінін мәлімдеп отыр.

«Бірнеше ай бойы өлімнің жұмбағын шеше алмай отырмын. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Полицияның да есігін тоздырдым. Олар 7 айдан бері бір хабарын бермеді. Енді қайда барамын? Кінәліні қалай табамын? Баламды өлтірген адам жазасын алуы тиіс. Маған басқа ештеңе керек емес. Баламды базардан алып кеткен көліктің видеосын тағы да әлеуметтік желіге шығардым. Көрген адам хабар берсе, құпия сақтаймын, сыйақы беремін», — деді Р.Есенаманова.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.