Шымкенттегі улану оқиғасы: Балмұздақ дүңгіршегі мүлде тексерілмеген

0 0

Шымкентте 188 адам уланып қалған балмұздақ сататын нысан бірде-бір рет тексеруден өтпеген. Бұл туралы бүгін облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбек Нышанов айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, сауда нүктесі шағын болғандықтан ескерусіз нысандар қатарына кірген. Оны ашқандығы туралы кәсіпкер де жергілікті басқармаға хабар бермепті.

«Балмұздақ дүңгіршегі елеусіз нысан болып саналады. Оның иесі біздің жергілікті басқармаларға балмұздақ сататыны туралы хабарлама беру керек еді. Ол ондай әрекет жасамаған. Сондықтан ол  нысан осы күнге дейін тексеруден өтпеген, қызметкерлерінен сынамалар алынбаған. Осы жағдайға байланысты әкімшілік іс қозғалды. Соттың шешімі шыққанша ол дүңгіршектің ісін біз уақытша тоқтаттық»,- деді Нұрбек Нышанов.

Департамент басшысы сондай-ақ,  балмұздақ дайындауда тазалық нормалары сақталмағандықтан қоспалар мен сынамалардан сальмонеллез мен стафилококк сияқты бірнеше қоздырғыштар табылғанын айтты. Кәсіпкерге тиесілі екі нысанның 12 қызметкерінен түрлі сынамалар мен ыдыстарда сүртінділер алынғанын жеткізді.

«Дүңгіршек пен балмұздақ дайындалған үйден алынған сынамалардың қортындысына сәйкес, 25 өнімнің 24-нен сальмонеллез, стафилакокқа оң нәтиже беріп отыр. 12 қызметкердің екеуінің сынамасынан сальмонеллез қоздырғышына оң нәтиже бар болуы мүмкін екені анықталуда. Ал, жұмсақ балмұздақ қоспаларын дайындайтын орын талаптарға сай келмейтін тұрғын үйдің жеке бір ғимаратында дайындалған. Олар полиэтилен ыдыстармен тасымалданған».

Яғни, тәттіге қажетті қоспалар санитарлық талаптар сақталмаған үйде әзірленіп, сауда нүктесіне жеткізіліп келген болып отыр. Кәсіпкер тіпті тәтті әзірлеуге де оны сатуға да тиісті рұқсат қағазын көрсете алмаған.

«Барлық өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ. Тек, бір ғана сүт өніміне мерзімі өткен құжат ұсынылды. Балмұздақ қоспасы арнайы талаптарға сай рефрижератор бар автокөлікпен емес өзінің жеке көлігімен тасымалданып келген. Барлығы бес қызметкердің тек қана біреуінде медициналық тексеруден өткені туралы кітапшасы болған. Залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмейді. Одан да басқа кемшіліктер анықталып отыр»,- деді Нұрбек Нышанов.

Қазір кәсіпкердің қызметіне қатысты құзырлы органдар тарапынан да, облыстық қоғамдық бақылау тарапынан да тексеру шаралары жүргізілуде. Ал, балмұздақтан жаппай уланғандардың саны бүгінгі күнге 188 адамға жетті. Олардың 99-ы үйлеріне шығарылса, 89-ы ауруханада ем қабылдауда.

Еске салайық,  Шымкентте тұрғындар балмұздақ сататын «Южное» сауда орыннан тәтті жеп жаппай уланып қалған болатын. Салдарынан 27 наурыздан бері қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына елдуден астам адам түсті. Өңірде осы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тарапынан тексеру шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ Облыстық ішкі істер департаменті  Қылмыстық кодексінің 304-бабы  «санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғап, бірнеше сараптамалар тағайындады. Сонымен қатар, балмұздақтан жаппай уланудың себебі анықталды

Leave A Reply

Your email address will not be published.