Үкімет дәрігерлердің материалдық жағдайын жақсартуы керек — Тоқаев

0 0

Үкімет денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің материалдық жағдайын жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылдауы қажет. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Уақтылы медициналық көмек көрсету, оның қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету — бұл саланың басты міндеті. Елбасы қаңтар айындағы Жолдауында осы саланың алдындағы бірқатар нақты міндеттерді анықтаған болатын. Соған сәйкес, науқастарды емдеуде қымбатқа түсетін стационарлық емге қарағанда, негізінен аурудың алдын алуға бағытталған шараларға басымдылық берудің, ауруды уақтылы анықтау мен емдеуді қамтамасыз ететін жаңа технологияларды енгізудің маңызы зор. Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің жаңа моделін әзірлеу, медицина мамандарының сапасын көтеру және денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру кезек күттірмейтін мәселелердің қатарында. Елімізде денсаулық сақтау мәселелеріне үнемі ерекше мән беріліп келеді. Жеткілікті заңнамалық база қалыптастырылып, саланы қаржыландыру айтарлықтай арттырылуда. Осындай саясаттың нәтижесінде, жалпы бұл салада ілгерілеу бар. Атап айтқанда, халықтың табиғи өсуі артып, ана мен бала өлімі азайды. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша сырқаттану деңгейі төмендеді», — деді Тоқаев Сенаттағы «Үздік денсаулық сақтау ісі — дені сау ұлт» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда.

Оның сөзіне қарағанда салада айтарлықтай елеулі табысқа қол жетікізілгенімен, әлі күнге дейін шешімін таппаған бірқатар мәселелер бар.

«Олар ең алдымен, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігіне байланысты. Медицина мамандарын даярлаудың сапасы мен оларды тиісті жұмыс жағдайымен қатамасыз ету аса маңызды мәселе болып отыр. Медицина қызметкерлерінің еңбекақыларын арттыру және ынталандырудың тиімді жүйесін қалыптастыру — күн тәртібіндегі  маңызды міндеттердің бірі. Үкімет денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің материалдық жағдайын жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылдауы қажет. Мемлекет басшысының жуырдағы үндеуінде айтылған ауқымды әлеуметтік жобаларды оңтайлы жүзеге асыру — азаматтардың, соның ішінде медицина қызметкерлерінің де тұрмыс жағдайын жақсартары анық», — деді ол.

Қ. Тоқаевтың атап өтуінше, елімізде медициналық жоғары оқу орындары жыл сайын 4 мыңнан астам мамандарды даярлайтынына қарамастан, осы салада, әсіресе ауылдық жерлерде байқалып отырған маман тапшылығы алаңдатады.

«Олардың кәсіби дайындығының сапасы да сұрақ тудыруда. Кейбір жекелеген сараптама нәтижесіне сәйкес, медициналық жоғары оқу орындарын бітіруші түлектердің әрбір төртіншісі ғана таңдаған мамандығы бойынша қызмет етуде. Медициналық жоғары оқу орындарына қабылданатын студенттердің санына емес, оларды дайындаудың сапасына көбірек көңіл бөлген жөн», — деді Сенат төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.