Қашағандағы өндірісі уақытша төмендеген мұнай өндірісі қайта жанданады

0 2

Қашағанда өндірісі уақытша төмендеген мұнай өндірісі қайта жанданады. Ал Қарашығанақ акционерлерімен арадағы дау-дамай қашан шешімін таппақ? Жалпы елімізде биыл қанша инвестициялық жоба іске қосылады?

Қашаған кен орны іске қосылған соң елімізде мұнай өндірісі артады деп кәміл сендік. Бірақ көптен күткен қуанышымыз ұзаққа созылған жоқ. Өткен айда техникалық ақаулықтарға байланысты 6 бірдей ұңғыманың жұмысы тоқтады. Салдарынан қара алтын өндірісі күніне 300 мың баррельден 215-ке төмендеді. Алайда Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев алаңдауға себеп жоқ дейді. Осы айдың ортасында ұңғымалар қайта іске қосылады. Техникалық кедергілер жойылған соң шикізатты көптеп өндіруге мүмкіндік туады. Нәтижесінде мұнай өндірісі күзде күніне 370 мың баррельге жетеді деген жоспар бар. Ал Қарашығанақ акционерлерімен арадағы дау әлі шешімін тапқан жоқ.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

«Қарашығанақ жобасы бойынша келіссөздер белсенді жүріп жатыр. Мәселен, кеше ғана кездесу өткіздік. Біз талқылайтын мәселелердің ауқымы кең. Сондықтан меморандумды мамыр-маусым айларына дейін созуға келістік. Осы уақыт аралығында тиісті келісімге келеміз деп ойлаймын. Біз сондай-ақ төртінші мұнай өңдеу зауытын қаржыландыру жайын да қарастырып жатырмыз. Оның шарттарын әлі талқылай түсеміз».

Қарашығанақ бойынша келіссөздер әлі жүріп жатса, Атырауда полиэтилен жобасын іске асыру жөнінде келісім бар. Оған әлемдегі ең ірі мұнай-газ химиясын өндіруші Borealis компаниясы атсалысады. Зауыттың тең жартысы солардың үлесінде болады. Бұдан бөлек Borealis, «Самұрық-Қазына» іске асырып жатқан полипропилен жобасына да қатысуы мүмкін. Қазір тиісті ұсыныс жасалды. Жалпы құны 2,6 млрд доллар болатын жоба аясында жылына 500 мың тонна полипропилен шығару көзделіп отыр. Зауыттың құрылысы биыл басталып, алдағы 4-5 жылда аяқталуы тиіс.

Жалпы елімізде биыл 300 инвестициялық жоба іске қосылады. Оны жүзеге асыру үшін шетелден 6 жарым млрд доллардан астам қаражат тартылған.

Арыстан Қабыкенов, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:

«Қазіргі уақытта министрлік Kazakh Invest-пен бірігіп, 2018-2020 жылдарға арналған 658 инвестициялық жобаның негізгі тізбесін құрды. Бұл тізімге шетелдік компанияның қатысуымен 140 жоба және отандық инвестициялардың қатысуымен 518 жоба енді».

Соңғы жылдары біздің елімізге қызығушылық білдіріп отырған инвесторлардың қарасы артып келеді. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы екі айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 54 пайызға артып, 1 трлн теңгеден асқан. шетелдік бизнесмендер көбіне өнеркәсіп, қайта өңдеу және құрылыс салаларына қаражат құйған. Сырттан 360 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көп.

Дереккөз: 24kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.