Қытайға оқуға кеткен қазақ жастары алаяқтардың арбауына түсіп жатыр

0 0

«Шетелде оқысам» деген қазақстандық жастар алаяқтардың арбауына түсіп жатыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz cайтына сілтеме жасап.

Ал іргедегі Қытай үкіметінің жыл сайын біздің түлектерді оқытуға грант бөлетіні белгілі. Алайда осыны біліп алған айлакерлер өз мүдделері үшін жұмыс істеуде. Нарықтағы сұраныстың мән-жайын жақсы білетін қулар талай талапкерді тегін оқуға түсіреміз деп сан соқтырыпты.

Ақбота Мусина өзінің алданып қалғанын айтады. Былтыр грантқа түсемін деп алаяқтың арбауына түсіп қалған. Ақботаны бос уәдеге тойдырған қазақстандық азамат 11 мың долларын алып тайып тұрған. Енді амалсыздан ақы төлеп оқуға мәжбүр. Қазір Бейжің жастар саясаты университетінің 1-курс студенті.

Ақбота Мусина, Бейжің жастар саясаты университетінің студенті: 

«Қазіргі мектеп бітіріп жатқан Қытайға келіп оқимын деген, грантқа түсіп оқимын дейтін жастарға айтарым грант алған кезде аса сақтықпен қарағандарыңыз жөн болады. Қазақстан Ғылым және білім министрлігінің сайтына кіріп, гранттың қай түрі, неше жылға екенін дұрыстап тексеріп алғандарыңыз жөн болады».

Ақбота өзі сияқты зардап шеккен бес адаммен бірлесіп, сотқа шағым түсірген. 70 мың долларды қайтаруға қатысты шешім шықты. Алайда алданып қалған жастар ақшасын толық ала алмай жүр. Жалпы Қытай Үкіметі жыл сайын «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдерге оқу гранттарын бөліп отырады. Талапкерлер үшін үкіметтік, провинциялық және университеттердің оқу бағдарламалары бар. Олардың әрқайсысы өз шарттары мен міндеттерін қояды. Осының мән-жайын толық білмейтін жастар алаяқтардың құрбаны болады.

Ван Хэ, Қытайдағы оқу орындары қауымдастығының басшысы:

«Қазір Қытайда шетелдік студенттерге қызмет көрсететін компаниялар көп. Олардың арасында алаяқтықпен айналысатындар да аз емес. Бірінші жылы тегін грантқа түсіреміз деп ақшаларын жинап алады да, келесі жылы ізім-ғайым болады. Алаяқтарға алданған жастар тек Қазақстан ғана емес, жалпы Орталық Азиядағы бірнеше мемлекеттің студенттері де бар».

Елена Протозанова Қытайдағы университеттерге ақылы түрде түсетін шетелдік талапкерлерге қызмет көрсетеді. Бағыт беріп, жөн сілтейді. Оның айтуынша, жеке компаниялардың мемлекеттік гранттарды беретін мүлде құқығы жоқ.

Елена Протозанова, Қытайдағы оқу орындары қауымдастығының өкілі: 

«Мемлекетаралық келісімдердің негізінде бөлінетін гранттарды жеке компаниялар арқылы алу мүмкін емес. Жеке компаниялардың оны беретін құқығы да жоқ. Сондықтан егер мемлекеттік грант бойынша білім алғыңыз келсе, тек Қазақстандағы Білім және ғылым министрлігі мен Қытай Халық Республикасының елшілігінен ақпарат алуыңыз керек».

Алдағы 5 жылда Қытай Қазақстан студенттеріне берілетін грант санын 200-ге дейін арттырады. Қазір Шығыс көршімізде білім алып жатқан 14 мыңға жуық студенттің 1100-і тегін оқиды. Талапкерлер оқуға тапсыратын тағы бір қауырт кезең жақындап қалды. Қарбалас шақта алаяқтың арбауына түсіп қалмау үшін аса сақтық қажет. My China, Your China, Chinese KZ, Alpha Group. Бұл қара тізімге енген күдікті компаниялардың берісі ғана.

Leave A Reply

Your email address will not be published.