«100 оқулық»: Елбасына қазақ тіліне аударылған алғашқы кітаптар таныстырылады

0 17

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне 18 кітап аударылды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бүгінгі күні алғашқы 18 кітап аударылып болды. Қазір 12 сәуір күні болатын тұсаукесерге дайындалып жатырмыз. Оларды Елбасына таныстырамыз», — деді  Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

Kitap.kz сайтындағы деректерге сәйкес, бір жылда келесідей кітаптар аударылған: Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін»; Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясы» І-томы және «Батыс философиясының жаңа тарихы. Орта ғасыр философиясы» ІІ-томы; Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы»; Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері»; Джордж Ритцер, Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы»; Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе»; Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы»; Дэвид Г. Майерс, Жан М. Туенждің «Әлеуметтік психология»; Н. Грегори Мэнкью, Марк П. Тейлордың «Экономикс»; Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика»; Рикки У. Гриффиннің «Менеджмент»; Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны»; Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе»; Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»; Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы»; Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция».

Оқулықтарды қазақ тіліне аудару жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 100-ден аса маман қатысты. Аудармашылар  қатарында ғалымдар, аударма ісінің кәсіби мамандары бар. 2018 оқу жылынан бастап бұл оқулықтар жоғары білім беру жүйесіне енгізілетіні жоспарлануда.

Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайтындығын, сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керектігін атап өткен болатын. Осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынған еді.

Айта кетейік, қазақ тіліне аударылған алғашқы оқулықтардың таныстырылымы 12 сәуір күні Мемлекет басшысының қатысуымен Астанада өтеді деп жоспарланған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.