Қалааралық автобус апаттары салдарынан жыл сайын 70 адам мерт болады

0 1

Бүгiн Бас прокуратура жолаушылар тасымалы саласындағы тексерiс нәтижесiн жариялады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА Baq.kz ресми сайтына сілтеме жасап.

Бас прокуратураның ресми өкiлi Оксана Лоскутова мен Қоғамдық мүдденi қорғау қызметiнiң бастығы Азамат Дүйсембеков тексерiс нәтижесiмен таныстырды. Ресми өкiлдiң айтуынша, үш апта бойы қалааралық жолаушылар тасымалын жүзеге асырудағы автокөлiк туралы заңнаманың сақталуы тексерiлдi.

«Елдi-мекендердегi тұрақты автобус қатынасымен қамту 80 пайызды құрайды. Бүгiнгi күнде Қазақстанда 800-ден астам тасымалдаушы тiркелген. Жолаушылар үшiн 34 сапаржай, 138 автобекет және 109 қызмет көрсету орны жұмыс iстейдi. Қалааралық бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың қатысуымен жыл сайын орташа алғанда 120 жол-көлiк оқиғасы тiркеледi. Оның салдарынан 70 адам мерт болып, 370 жолаушы түрлi дене жарақатын алады», — дедi Лоскутова.

Ресми өкiлдiң мәлiметiнше, тексеру нәтижесiне сәйкес, жол-көлiк оқиғаларының негiзгi денi – автобустардың техникалық ақауынан, автопарктiң тозуынан, жол-қозғалысы ережелерiн бұзу кесiрiнен және өрт қауiпсiздiгi қағидаларын сақтамаудан, сонымен қатар, уәкiлеттi органдардың немқұрайлы қарауының салдарынан болады.

«Тексеру нәтижесiнде 2,5 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды, 139 заңсыз тасымалдаушының қызметi тоқтатылды», — дедi Оксана Лоскутова.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.