Б. Сағынтаев Атырау облысындағы көпір құрылысының жұмыстарымен танысты

0 0

Атырау облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Махамбет ауданындағы Жайық өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жұмыстарымен танысты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Облыс әкімінің орынбасары Ж. Сүйіншәлиевтің айтуынша, Жайық өзені арқылы өтетін көпір өтпесі республикалық маңыздағы «Атырау — Орал» автокөлік жолын облыстық маңыздағы «Атырау — Индер» автокөлік жолымен байланыстыратын Махамбет ауылында салынып жатыр. Көпір «Ақтөбе — Атырау — Астрахан» автожолының бір бөлігіне айналады: ол Ақтөбеден Астраханға дейінгі жолды қысқартып, транзиттік көлік ағынын Атырауға кіргізбей өткізуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады.

Облыстың Махамбет ауданындағы жаңа көпір қосымша көлік дәлізін құрып, облыс орталығын кептелістерден айтарлықтай арылтады. Жолдың жүретін бөлігі екі жолақтан тұратын болады, көпір бойында көліктің және өңір тұрғындарының тұрақты әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететін жаяу жолдар қарастырылған. Сонымен бірге, жобаланған көпір өтпесі ауданда шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.

Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Елбасының тапсырмасы бойынша Атырау облысына келді. Сапардың мақсаты — Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасы аясында берген тапсырмаларының орындалу барысымен танысу.

Leave A Reply

Your email address will not be published.