Мұнай құтқара алмайды: Жағдай нашарласа, елімізде доллар бағамы 370 теңгеге өсуі мүмкін

0
12

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Ресейге үсті-үстіне салынып жатқан санкциялардың кесірінен теңгенің де құнсыздануына орай, жұртты сабырға шақырды. Дәлірегі, асығыс шешім шығармауға.

Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

«Санкциялар қатайтылып, ұлғайтылатыны немесе басқа бір шешімдер қабылданатыны туралы ақпар бар, нарықтағы белгісіздік жалғаса беретін сияқты, бұл теңге рефлекске түсе береді деген сөз, бірақ мен оның әлсіреуі де, бекуі де мүмкін екенін айтайын», – дейді Ұлттық банк төрағасы.

Ал экономист-сарапшы Жарас Ахметовтың айтуынша, теңге құнсызданады деуге негізді себеп жоқ көрінеді.

«Ресей экономикасының баяу, бірақ нашарлап бара жатқаны бар. Бұл ел біздің негізгі экономикалық серіктестің бірі. Ал қазіргі ахуал бізге мүмкіндіктер де бере алады, қауіп те төндіре алады. Мәселе біздің мүмкіндіктерді пайдалана алып, қауіпті еңсергенімізде. Болған жағдайды сараласақ, Ресейге салынған санкциялар өте қатал. Бұл барлық америкалық инвесторларды санкция салынған компаниялардың құнды қағаздар нарығынан шығуға міндеттейді. Сондықтан шетелдік компаниялар рубльдік құнды қағаздар нарығынан шығып жатыр. Бұл әрине, рубль курсына әсер етті. Дабыра туды, рубль құнсызданды. Теңгеге әсер ететінінің бір себебі, көпшілік бұл міндетті түрде теңгеге ықпал етеді деп күтеді.Жалпы, теңге девальвацияланады деуге фундаментальді себеп жоқ», – дейді дейді экономист-сарапшы Жарас Ахметов.

Мұнай бағасының жақсы болып тұруы, инфляцияның төмендеуі теңгенің қуаттануына күш беретінін ҰБ төрағасы да, экономикаға жауап беретін министрлер кабинетінің мүшелері де аргумент етеді. Ұлттық экономика министрі жағдайды АҚШ салған санкцияға қатысты нарықтың “селт” ете қалуы деп бағалады.

«Біз биржа агенттерінің кез-келген жаңалыққа бірден елең ететінін білеміз. Бұл жерде жағдайды субъективті қабылдау да әсер етіп отыр», – дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Дүйсенбіде 1 доллар 320 теңге болып, бір күнде – сейсенбіде 14 теңгеге құнсызданғаны … иә, жұрт бейнелеп айтқанда «шашын жұлып», байбалам салған жоқ, бірақ ауыр күрсінді. «Қымбатшылық», бағаның өсуімен байланысатын бұл тербеліс (кезінде теңгенің құнсыздануын «тербеліс» деп ғана сипаттайтын, сипаттатқызатын), әрине, ешкімді бейжай қалдырмайды. Қазір де билік «Ресейге салынған санкциялардың біздің экономикаға жанама сипаты болады» деп ғана айтады.

Ал өнімдерін Ресейге шығаратын қазақстандық экспорттаушыларға басқа да тұтыну нарықтарын іздеуге «Тауар өндірушілер мен экспорттаушылар Одағының» президенті Николай Радостовец кеңес береді. Радостовец мырза ойын әрине, күлбелтелемей жеткізе алмайды. Ал біз ашық айтайық, АҚШ ресейлік бизнесмендер мен компанияларға қарсы тағы санкциялар салғанда Ресейдің ұлттық акциялар нарығы 3 триллионға жуық рубль жоғалтқан.

АҚШ енгізген шектеулерге сәйкес, санкциялық тізімге енген компаниялармен АҚШ территориясында жұмыс істейтін компаниялардың тікелей жұмыс істеуіне, олардың акцияларын ұстауға, ал банктерге – оларға несие беруге және төлемдік операциялар жүргізуге тыйым салынды. Тағы бір мәлімет, финпром.кз порталының хабарлауынша, Ресейге салынған жаңа санкциялардан кейін қазақстандық 3 банктің нарықтық капитализациясы 3 күнде 64 млрд теңгеге азайған. Халық банк, Центр кредит банкі және Астана банкінің. Сонымен бірге теңге құнсызданса, авиабилеттер бағасы бірден көтеріледі. Тариф долларға байланған. Сырттан тасылатын тауарлар, дәрі-дәрмектің де бағасы өседі. Ал біз сырттан не тасымаймыз?.. Жұмада 1 доллардың құны 325 теңгеден сатылғанын айту керек.

«Бізге не істеу керек?  Ауқымды алып қарасақ, экономиканы әр тараптандырып, Ресеймен маталып тұрған экономикалық байланыстарды босату керек. Оның «аурулары» бізге тарамауы үшін. Әрине, Ресеймен қарым-қатынастарды үзе алмаймыз. Бұл мүмкін емес. Бізге сырты сауда нарықтарын кеңейту керек. Бұл қажеттілік», – дейді экономист-сарапшы Жарас Ахметов.

Ал Sputnik Қазақстанға сұхбат берген Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сараптамалық орталығының сарапшысы Мерей Исабековтың сөзінше, АҚШ пен Ресей арасындағы жағдай сценарийі жағымсыз болса, Ресейдегі доллар бағамы бастапқыда 68 рубльге (350 теңгеден аса), мұнан кейін 71 рубльге (370 теңгеден аса) көтерілуі мүмкін. Өз кезегінде мұндай жағымсыз жағдай теңгені әлсіретіп, доллар бағамы 340-370 теңгеге жетуі мүмкін.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here