Назарбаев пен Путиннің сапары алдында петропавлдық шенеуніктер жол бойындағы ауылдарды қоршап жатыр

0 0

Петропавлдың шенеуніктері ауылдарды қоршауға алуда. Ондағысы тозығы жеткен ескі үйлерді сырт көзден тасалау дейді жұрт. Биыл күзде Қызылжарда өтетін шекаралас мемлекеттердің аймақаралық 15-ші форумына дайындалған өңір атқамінерлері жол бойындағы ауылдарды президенттерден осылай жасырмақ. Басы не аяғы жоқ, оның үстіне суда шіріп тұрған қоршаулар шенеуніктердің қаншалықты үмітін ақтайды?

Астананы Петропавлға жалғайтын тас жолмен күзде Қызылжарда өтетін шекаралас елдердің форумына Елордалық шенеуніктер дәл осы жолдың бойымен келеді. Оның бойында орналасқан ауыл-аймақтарды көркейтуге де биыл бюджеттен қыруар қаржы бөлінген екен.

Алайда жергілікті атқамінерлердің бұл  ауыл-аймақтарды көркейту жұмыстары тек жол бойына мынадай қоршаулар орнатуымен ғана шектелгендей. Оның өзі кейбір ауылдарда темірден, өзгелерінде  ағаштан жасалыпты. Қызылжар ауданындағы Астрахан ауылының әкімі  жол бойында тұратын жұртты жинап, оларға қоршаудың саяси маңызын түсіндірген көрінеді. Тегін дүниеге мәз болған жұрт бірден келісім берген.

Гүлназ Қасенова, Астрахан ауылының тұрғыны: 

«Әншейін бір қоршауларды қойды. Сонда да ескісінен тәуір ғой деп отырмыз. Ауылымыздың  сырты аз да  болса  көркейіп қалғанына  ризамыз. Оның үстіне бізден бір тиын жинаған жоқ. Оған да шүкір».

Ал осы елді мекеннің түкпірінде тұратындарға тегін дүние бұйырмапты. Қалған жұрт ауыл-аймақты дамыту бағдарламасы сонда тек жол бойындағы үйлерге ғана қатысты ма деп ашынады.

Жанна Омарова, Астрахан ауылының тұрғыны: 

«Биыл облысымызға Путин келеді деп жатыр ғой. Соған дайындық дейді әкімдік. Біздің үйіміз жолдан тым алыс орналасқандықтан, тегін қоршау бізге бұйырмады. Оны өз есебімізден жаңарттық. Ескісі құлағалы тұр еді».

Ал Чапаев ауылынынан жарты шақырым жердегі мына ағаш қоршау айдалағы ақ отаудың кебін киіп тұр. Елді мекендегі ескі үйлерді сырт көзден тасалауға тиіс дүниенің қай жерден басталып, қай жерден бітетіні де түсініксіз. Есесіне бір миллион теңгеге салынған құрылыс суда тұрғандықтан, оның  күзге жетпей-ақ шіріп тынатын түрі бар.

Гүлсім Кәрімова, Қызылжар ауылдық аймағының әкімі:

«2016 жылы конкурс жарияланып, мың жарым метр қоршау алып қойғанбыз. Енді осы жылдан бастап ол қоршаулардың 600 метрін Чапаев селосының алдына қоршап жасап қойдық. Бұл жұмыстар алға да баса береді. Өйткені трасса бойынша алдымыздағы өтетін саммит бойынша благоустройство туралы жұмыстар өткізіліп жатыр».

Мұндай саяси мәні зор қоршаулар облыс бойынша Есіл, Тайынша және Қызылжар аудандарына қойылады екен. Барлығы 10 шақырым болатын қақпаларды орнату жұмысы күзге дейін аяталуы тиіс.

Дереккөз: КТК 

Leave A Reply

Your email address will not be published.