Енді соттар түнде де соттайтын болады

0 0

Енді соттар күндізгі уақытта ғана емес, түнде де соттайтын болады. Ол үшін судьялардың жұмыс уақыты кешкі сағат 18.30-дан түнгі 22.00-ге дейін ұзармақ. Яғни, кешкі уақытта әкімшілік құқықбұзушылық жасаған азаматтарға кінәсін толық мойындаса, түнгі процесс жүргізуге келісімін берсе, сол күні-ақ оларға соттың үкімі шығарылмақ.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен қолға алынған «Түнгі сот» пилоттық жобасының жай-жапсарын түсіндіріп, жергілікті құқыққорғау, қадағалау органдары өкілдерінің ұсыныс, пікірлерін тыңдауға арнайы облыс орталығына келген Жоғарғы соттың судьясы Ұлболсын Сүлейменованың айтуынша, бұл жаңа жоба сот, ішкі істер салаларының жұмысына өте тиімді. Әрі АҚШ, Англия, Сингапур секілді мемлекеттерде 1990-шы жылдардан бері тәжірибеге енген.

«Ағымдағы жылдың ақпан айында Жоғарғы сот төрағасының басшылығымен Жоғарғы соттың судьяларынан құралған делегация Сингапур мемлекетіне барып тәжірибе алмасып қайтқан болатын. «Түнгі сот» жобасы елдің жұмыс істеуші тұрғындарына ыңғайлы болғандықтан, әрі тиімділігі артқан соң барынша кең қолданысқа енгізілген. Алғашқыдағыдай аптасына екі күн ғана емес күн сайынғы жұмыс режиміне көшірілген. Жаңа жоба елімізде біріншіден Әкімшілік істерді қамтиды. Ең алдымен азаматтардың және судьялардың уақытын үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді. Мысалы, жұма күні кешке жасалған әкімшілік құқықбұзушылық жұмыс уақыты аяқталып қойғандықтан, келесі дүйсенбіге қалдырылатын. Ол уақытқа дейін құқықбұзушы қашып кетуі немесе басқа жаққа да кетіп қалып, іс созылып кетеді. Ал жаңа жоба істі сол күні-ақ қарап тастауға мүмкіндік береді», — дейді Жоғарғы сот судьясы Ұлболсын Аждарқызы.

Дереккөз: altaynews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.