Астана медуниверситеті жалған сертификатпен оқуға түскендердің тізімін жариялайды

0 0

Астана медицина университетінің ректоры Мәжит Шайдаров жалған IELTS сертификатымен магистратура мен докторантурға оқуға түскендердің тізімін жариялайды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің комиссиясы жұмысын аяқтай салысымен, біз аталған резиденттерді, докторанттар мен магистранттарды осы залға жинап, тексеру қорытындысы туралы ақпаратты жария еттік. Олар аталған сертификаттардың жалған екендігін жақсы білген. Біз олардың ар-ұяттары оянып, өз еріктерімен оқудан шығады деп үміттендік. Өйткені, барлық құжаттардың Ішкі істер департаментіне берілгендігін айттық. Нәтижесінде 33 адам өз еріктерімен оқудан шығып кетті», — деді ол даулы мәселеге орай арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында.

Университет басшысының айтуынша, жалған сертификатқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 18 сәуірге дейін 26 іс сотқа жіберілген. Жалпы 117 білім алушының 84-і сертификаттарын түпнұсқа деп санап, өз еріктерімен оқудан шығудан бас тартқан. Дегенмен, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің комиссиясы өз жұмысын аяқтағаннан кейін аталған білім алушылардың барлығы оқудан шығарылады.

«Біз сот шешімі шыққандардың тізімін жария етеміз. Олардың аты-жөндерін халыққа жеткізу қажет, адамдар білуі тиіс», — деді Мәжит Шайдаров. Оның сөзіне қарағанда, университеттің аталған сертификаттарының түпнұсқа ендігін тексеруге процестің қиындығына байланысты мүмкіншілігі жоқ. «Оның үстіне барлық сертификаттарды тексеруімізді міндеттейтін ондай норма жоқ. Сертификаттардың түпнұсқа екендігін сот-техникалық сараптама ғана айқындай алады», — деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.