Бейжіңде Қазақстан Қарулы Күштерінің 26 жылдығы аталып өтті

0 1

Бүгін ҚХР-дағы ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери атташе аппараты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 26 жылдығына орай қабылдау өткізді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA  «ҚазАқпарат» ХАА — на сілтеме жасап.

Іс-шараға ҚХР-дағы ҚР Елшісі Шахрат Нұрышев, Қытай ұлттық қорғаныс университеті Бірлескен операциялар институты ректорының орынбасары, Бейжің аккредитацияланған дипломатиялық өкілдіктер басшылары, 70-тен астам шетелдік мемлекеттің  әскери атташелері, Шанхай ынтымақтастық ұйымдарының өкілдері, БАҚ және басқалар қатысты.

Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін, қабылдау қонақтарына ҚХР-дағы ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери атташесі Еркін Мамытханов Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихы туралы айтып берді.

«Қазақстан Қарулы Күштері ауқымды жаңару нәтижесінде бүгінде жоғары мобильді, жақсы жарақталған және кәсіби. Біз БҰҰ аясында бітімгерлік әрекеттерге, сондай-ақ ШЫҰ форматында халықаралық әскери және антитеррористік және басқа да ұйымдардың оқу-жаттығуларына белсенді қатысып келеміз. Қазақстан Халықаралық әскери ойындарға баса назар аударуда. Биыл Қазақстан осы ойындардың 3 кезеңін өз аумағында өткізеді», — деді ол.

Әскери дипломат Қазақстанның Қытаймен жан-жақты әскери ынтымақтастықты дамытып жатқандығын атап өтті.

Қытайдағы Иран елшілігінің әскери атташесі Саид Али Самадия ҚазАқпаратқа берген сұхбатында Қазақстан Қарулы Күштерінің 26 жылдығымен құттықтады.

«Иран мен Қазақстан қарулы күштерінің арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екендігін атап өткім келеді. Таяуда Иранның әскери-теңіз күштері кемелері Қазақстанның Каспий теңізіндегі портына барды және оларды жылы қарсы алды», — деді ол.

ҚХР-дағы Әзербайжан әскери атташесі, екінші дәрежелі капитан Эльчин Джафаров ҚР Қарулы Күштеріне Отанды қорғау жолында күш-қуатының арта беруін тіледі. «Бізді байланыстыратын дүние көп — тарихи, мәдени байланыстар, мемлекет басшыларының жылы қатынастары, жалпы халықтарымыз бауырлас. Тағы бір байланыстыратын факторлардың бірі — Каспий теңізі, бұл — бейбітшілік пен достықтың айдыны», — деді әскери дипломат.

Қабылдау аясында Астана қаласының 20 жылдығына арналған фотокөрме өтті. Қонақтар әлемдегі ең жас астана — Қазақстан елордасының дамуы мен құрылу тарихымен танысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.