Алматы облысында лай көшкіні қайталануы мүмкін

0 2

Толассыз жауған көктемгі нөсерден Жетісу жеріндегі таулы аймақтарда өзендер арнасынан асып, тасқын салдарынан жіпсіген топырақтар төмен сырғып жатыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.

Атап айтсақ, Алатаудың Ақсай мен Талғар шатқалдарында лай көшкіні бірнеше рет қайталанды.

Талғар қаласы мен тау қойнауында орналасқан жазғы демалыс лагерін жалғайтын тасжолдың 100 метрлік бөлігі де лай-батпақ астында қалған. Жолды тазарту кешелі бері жүргізіліп жатыр. Бір айта кетерлігі, зардап шеккендер мен шығын жоқ. Дегенмен толассыз жауған жаңбырдан тау көшкіні қайталануы ықтимал.

Жангелді Өмірәлиев, Талғар ауданы әкімінің баспасөз-хатшысы:

– Толықтай тазалау жұмыстары басталған жоқ. Әзірше қауіп бар. Тағы да лай көшкіні қайталануы мүмкін.

Ақсай шатқалында да көлемі 200 текше метр лай-батпақ саяжайға баратын жол бөлігін жауып қалды. Алайда Іле Алатауы табиғи-ұлттық паркі мен «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мамандары көшкін салдарын дер кезінде жойып, жолды тазартты.

Ержан Қосбақов, «Қазселденқорғау» ММ бөлім басшысы:

– Тау көшкіні болған аймақтарға әзірге барлық техниканы апару қауіпті. Өйткені жауын-шашын маусымы біткен жоқ. Жер сыз, ылғал. Бұл кезең маусым айының ортасына дейін жалғасуы мүмкін.

Жалпы осы мезгілде таулы аймақтарда толассыз жаңбыр болады. Соның салдарынан өзендерде су деңгейі көтеріліп, сел қаупін төндіреді. Сондықтан мамандар тауға сапар жасағанда сақ болу керектігін қатаң ескертеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.