Бақылаулар қызмет көрсету сапасын саралайды

0 4

Мемлекет өз қызметтерін мемлекеттік органдар, сондай-ақ  жеке және заңды тұлғалар арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген мемлекеттік қызметтер көрсету тізіліміне сай көрсетеді.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысы Мақсұт Нәлібаевтің айтуынша, мақсат та, міндет те біреу – осы қызметті тұтынушылардың құқықтарын қорғау, заңды мүдделерін қанағаттандыру және сапалы қызмет көрсету. Сапасы мемлекеттік бақылау арқылы қадағаланады. Дегенмен, бұл жүйе көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нақты деңгейін анықтай алмайды. Сондықтан соңғы жылдарда қоғамдық бақылау жүргізу қолға алынуда.

Осындай мақсаттағы жұмысты бастаған «Жастар зерттеу» қоғамдық бірлестігі былтыр Жамбыл облысының 10 ауданы және Тараз қаласында 1400 астам респонденттен сауалнама алды. Бірінші кезекте бұлретте қызмет сапасы «Жасырын сатып алушы» әдісінде жүргізілгенін айтуымыз керек. Мемлекеттік қызметтердің сапасына қоғамдық мониторинг жасалғанда мемлекеттік қызмет саласында ең жиі кездесетін 74 мәселе қамтылды.Негізінен мемлекеттік қызметтерді ұсыну үшін қолайлы және ыңғайлы жағдай туғызуды көздегендіктен мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ғимараттары мен үй-жайларының инфрақұрлымдық қауіпсіздігі бағаланған. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қанағаттанушылық деңгейі 3-тен 5-ке дейінгі ұпаймен есептелді. Нәтижесінде респонденттердің 79,6 пайызы қанағаттанарлық  деп баға бергені мәлім болды.

Қоғамдық мониторинг қандай да бір саладағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына азаматтардың қанағаттануы туралы қажетті ақпаратты алуға көмек береді. Бұл ретте «мемлекеттік деңгейдегі халыққа қызмет көрсету рәсімдерін жақсарту бойынша өткізіліп жатқан өзгерістерге азаматтардың сенім білдіре ме?» деген сауалға жауап табу – басты міндет. Бүгінде мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында біржақты-өктем көзқарастардан арылту үшінәрі қызметті тиімді және жедел түрде көрсету мақсатында электрондық үкімет құрылды ( www.e.gov.kz).

Осыған дейін әрбір мемлекеттік орган өз бетінше «оқшау өмір сүріп», басқаларымен байланысқа түсе қоймайтын.Ал азаматтарға алуан түрлі анықтама, растама секілді өзге де қағаздарды жинау үшін толып жатқан инстанциялардан өтуіне тура келетін. Қысқасы бір ғана қызмет түрін пайдалану үшін толып жатқан мекемелер табалдырығын тоздыруға мәжбүр болатын. Енді электрондық үкімет жобаларының арқасында ол заман келмеске кетті.

Электронды үкімет арқылы лицензияны рәсімдеуге ЖСН ғана керек (басқа ақпараттың бәрі дағдылы сұранымдар арқылы алынады). Сондай-ақкоммуналдық қызмет ақылары мен айыппұлдарды онлайн жүйесінде төлеуге, бизнесіңізді өз бетіңізше тіркеуге, немесе электронды үкімет порталында небәрі 10-15 минут ішінде анықтама алуға, кез келген уақытта балабақшаға кезегінің қалай жылжығанын көруге, мекен-жай анықтамасын ұялы телефоннан алдыртуға болады. Порталда экономика, білім, мәдениет, еңбек, денсаулық, спорт, туризм және қызметтің өзге де салалары бойынша бірнеше мәтіндік бөлімде 2000 астам ақпараттық қызмет көрсетіледі.

Мәселен биыл бірінші тоқсанда мемлекеттік қызметтердің жалпы пайыздық көрсеткішінің  56,2 пайызы электронды түрде көрсетілген. Атап айтсақ, мемлекеттік корпорация арқылы – 27,4, қағаз түрінде – 10,6,  ал  «электрондық үкімет» веб-порталы және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету мүмкіндігі болса да, қызметті берушілермен қағаз түрінде – 5,8  пайызды құрап отыр. Десек те өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда электронды көрсетілген қызметтердің 33,5 пайызға өскені байқалады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.