Тараздық журналист қан рагымен қалай күрескенін айтты

0
57

Бүгін Астанада рак ауруына шалдыққан қазақстандықтар қатерлі дертпен қалай күресіп, қалай жеңгені туралы әңгімеледі. Солардың бірі – Тараз қаласынан келген журналист Альфия Мингазова, – деп хабарлайды “Zhambylnews” AA  Baq.kz – ке сілтеме жасап.

Альфия ол кезде 23 жаста еді. Журналистика саласында жүргеніне 2 жыл болған және көбінесе қылмыс тақырыбында мақала жазатын. Көңілі қалаған кезде өлең жазып, ән салған. Күндердің бір күнінде редакторы оған онкологиялық ауруханаға барып, соңғы 25 жылда медицина саласында болған жетістіктер туралы мақала жазуға тапсырма береді…

«Онкологиялық дертке шалдыққандармен суретке түсем деп ойладым…»

«Мен медицина тақырыбында көп мақала жазып көрмегендіктен, біраз қобалжып кеткенім рас. «Не үшін маған басқа емес, медицина тақырыбын берді?» деген сұрақ туындады. Ауруханаға барғанда қандай сұрақ қоятыным, бұл тақырыпта қандай мақала жазатыным туралы ойладым. Онкологиялық ауруға шалдыққан адамдармен бірге суретке түсіп жатқан сәтімді көз алдыма елестеттім», – дейді ол.

Аңғал бойжеткен күндердің бір күнінде сол дертке шалдыққандармен бірге суретке түсу былай тұрсын, бір палатада ем алып жататыны туралы тіптен ойламаған. Ол күннен күнге денсаулық жағдайы нашарлап, жиі тұмаурата бастағанына да мән бермеген, себебі оның бос уақыты болмайтын. Тіпті сенбі, жексенбі күндері жұмыс істейтін.

«Денем себепсізден көгере бастаған кезде дәрігерлер көмегіне жүгінуіме тура келді. Қан талдауын өткізіп, орындықта нәтижесін күтіп отырдым. Қасымда ешкім болмады. Осы кезде дәрігер келіп «Сіз қан рагы дертіне шалдыққансыз» деді. Ештеңе түсінбеген мен «Қайдағы қан рагы? Толыққанды медициналық сараптамадан өткен жоқпын ғой. Бұл не дегеніңіз?» дедім таңданысымды жасыра алмай. Сонда дәрігер «Бұл дертке шалдыққаныңыз қосымша сараптамасыз-ақ айқын болып тұр. Ертең ауруханаға жатыңыз» деді. Мен осы сәтте де қандай дертке шалдыққанымды дұрыс түсінген жоқпын», – дейді Альфия.

«Алдымда белгісіздік күтіп тұрды»

Кейіпкеріміз емханадан алған сараптама нәтижелерін қолына алып, әдеттегідей жұмысына барады. Ертең жұмысқа келмейтінін, рак дертіне шалдыққандықтан, ауруханаға жататыны туралы еш алаңсыз күйде айтады. Бұл сөздерді естігенде үнсіз қалған әріптестердің жүзіндегі таңданысты жасыру мүмкін емес еді.

«Олар маған таңдана қарап «Сен не айтып тұрғаныңды өзің түсінесің бе, Альфия?!» деді. Мен уайымдаған да, жылаған да жоқпын», – дейді ол.

Үйіне барған бойжеткен киім-кешектерін жинап, ауруханаға жатуға дайындалады. Бұл жағдайды естіген анасының есі кетіп, күйгелек күйге түскен. Бір қызы айы-күні жақындап, өмірге сәби әкелуге дайындалып жүрсе, екінші қызы аты жаман ауруға шалдықты. Мұндай жағдайда ананың күйі қандай болатыны айтпаса да түсінікті емес пе.

«Ауруханада жатқанда әріптестерім, достарым, таныстарым қалымды сұрап келетін. Олар маған бәрі жақсы болатынын айтты. Мен олардың сөзімен келісетінімді, жарты жылдан кейін жұмысқа оралатынымды айтатынмын, бірақ олар кетіп қалғанда жан дүнием құлазып қалатын. Алдымда жарқын болашақ емес, белгісіздік күтіп тұрды. Сөйтіп мені Тараздағы ауруханадан Астанадағы ауруханаға жіберді», – дейді бойжеткен.

Ол пойызбен Астанаға келген. Жол бойы аты жаман дерт туралы мақалаларды оқыған.

«Астанадағы ауруханаға алғашқы күні келгенде палатама бірнеше дәрігер кірді. Ақ халатты абзал жандар палатаға күлімдеп кіріп, маған үнсіз қарап тұрды да, қайтадан шығып кетті. Содан кейін қойылған диагнозды растау үшін тағы да медициналық сараптамадан өттім. Аурухана терезесінен далаға қарап тұрып «Ең бастысы, бұл – емі бар дерт болса екен» деп тілеумен болдым», – дейді ол.

Өмір сүру деген – өмір сүру!

Ақыры оның лейкоз дертіне, яғни қан рагына шалдыққаны расталады. Дәрігер бұл – дерттің ауыр формасы екенін, бірақ жеңуге болатынын айтқан. Альфия қайырымдылық қорына жүгініп, қаражат жинап, шетелге барып емделу туралы да ойламаған. Тек кітап оқып, күнделігіне «Мен мықтымын», «Мен жақсымын», «Мен бұл дертті жеңемін» деген сияқты жігерлендіретін сөздер жазған. Тіпті, палатаның қабырғасына «Өмір сүру деген – күресу! Күресе біл!» деп жазып қойған.

«Қабырғада ілулі тұрған жазуды көрген дәрігерім «Альфия, өмір сүру деген – күресу емес, өмір сүру деген – өмір сүру! Әр нәрсені күрделендірмей, өмірдің өтіп жатқан әр сәтін жақсы көруді, бағалауды және саған берілген сынақпен, бойыңдағы дертпен өмір сүре білуді үйрену керек. Сонда ғана өмірдің мәнін табасың» деді. Шынымен де, берілген сынақты қабылдай білу де – өнер екен», – дейді ол.

Альфия үшін ең қиыны – шашының түсе бастағаны болыпты. Сұлулыққа жаны құмар қыз шашсыз жүруге де мойынсұнып, екі рет химия терапия алған. Соңғы үміті – қан жасушасын трансплантациялау болды. Өзгелер трансплантация жасатуға күдікпен қарап, тәуекел етуге қорықса, ол керісінше сол күнді асыға күткен.

«Өмірге басқа қырынан қарай бастадым»

«Трансплантация аяқталғаннан кейін дәрігерлерден тезірек аяққа тұрып кету үшін не істеу керек екенін сұрадым. Олар қан жасушаларымен «сөйлесуім» керек екенін айтты. Содан мен «Қан жасушалары, менің ағзама тезірек үйренулеріңді сұраймын. Менде бәрі жақсы болады» деп сөйлесе бастадым», – дейді кейіпкеріміз.

Ең қызығы, бұрын туыстарына, достарына уақыт арнай алмай жүретін Альфияның бос уақыты пайда болған.

«Мен ауырғаннан кейін өмірге мүлде басқа қырынан қарай бастадым. Кітап оқуға да, туыстармен араласуға да уақыт табатын болдым. «Бұл дертке шалдыққан екенсің, бүгін болмаса ертең өлесің, сол үшін жиі хабарласудың да мәні жоқ» деп ойлайтын «достарым» да болды. Олардың орнын басқа достармен алмастырдым», – дейді ол.

«Жаман дерттен айықтырған – анамның ақ тілегі»

Альфия дертінен айығуына анасының дұғасы, достарының қолдауы мен дәрігердердің кәсібилігі себепші болды деп санайды. Ол дәрігерлердің кәсібилігіне ешқашан күмән келтіріп көрген емес және оның үміті ақталды деп айтуға болады. Бір айдан кейін оған трансплантация жасалғанына бір жыл болады. Қазіргі уақытта аурухананың күндізгі бөліміне ауысқан.

«Менің қазіргі өмірім мүлде өзгеріп кетті. Еш нәрсе кездейсоқ болмайтынын түсіндім. Менің өмірімде осы жағдай болды, демек мен өмірімде әлденені өзгертуім керек. Осы дерттен кейін сырт келбетім бұрынғыдай әдемі емес екені, денемде өзіме ұнамайтын дақтар пайда болғаны да рас. Бірақ, қазір менің жігітім бар. Ол мені жақсы көреді, сыйлайды, құрметтейді. Сырт келбетіме көңілім толмай отырған күйімді көрсе, маған «Сенің жүріп өткен жолыңды екінің бірі жүріп өте алмайды. Сен жеңген дертті екінің бірі жеңе алмайды. Мен үшін сенің орның ерекше» деп үнемі қолдау көрсетіп отырады. Осы сәтті пайдалана отырып, менің қасымнан табылған дәрігерлерге, жаныма жақын адамдарға шексіз алғыс айтамын», – дейді Альфия.

P.S. Медицина ғылымдарының кандидаты, «UMC» КҚ филиалы Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының Онкология департаментінің жетекшісі Вадим Кемайкиннің айтуынша, қан рагы – жас, жыныс таңдамайтын ауру. Рак дертінің пайда болу себептері көп, бірақ дәл осы қан рагының пайда болу себебі жоқ. Шылым шекпесеңіз де, арақ ішпесеңіз де, салауатты өмір салтын ұстанып, ешкімге қиянат жасамасаңыз да күндердің бір күнінде бұл дерт сіздің бойыңызда ойламаған жерден пайда болуы мүмкін…

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here