Ақмола облысында әскери қызметкер 23 млн. теңге өтемақы алу үшін жалған құжат жасаған

0 12

Ақмола облысында әскери қызметкер 23,5 млн. теңге көлемінде ақшалай өтемақы алу үшін тұрғын үйінің бар екендігі туралы құжаттағы мәліметтерді өзгерткен.

Бұл туралы Ақмола гарнизонының әскери сотының баспасөз қызметіне сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Әскери сотта Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 385-бабының 1-тармағы (Жалған құжаттарды дайындау), 190-бабының 4-тармағы, 2- тармақшасы (Алаяқтық) бойынша айыпталған әскери қызметкерге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Департаменттің ақпараты бойынша подполковник «Е-gov» электрондық үкімет порталы арқылы Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйінің бар екені туралы анықтама алған. Содан ол өзіне тиесілі жылжымайтын мүлік ақшалай өтемақы алуға кедергі келтіргендіктен, «Coral» редакциялау бағдарламасын пайдаланып, меншік құқығын тоқтату туралы ресми мәліметтерді түзеген.

«Айыпталушы заң талаптарын жақсы біле тұра, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ақмола облыстық жедел-құтқару бөліміне меншік құқығын тоқтату туралы анықтама берген. Ақмола АПБ-нің тұрғын  үй комиссиясы подполковниктің шынайы қылмыстық ниетін білмей, тұрғын үйді ақысыз жекешелендіру құқығының орнына 23 459 400 теңге көлемінде ақшалай өтемақы төлеген»,- делінген Ақмола гарнизонының әскери сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Құжаттарды тексеру барысында анықтамалардың жалған екендігі анықталған. Сотталушы өзінің кінәсін толығымен мойындап, іс-әрекетіне өкінетінін жеткізген. Ол жалған құжат жасау арқылы өндіріп алған зиянды толығымен өтеді.

Сот шешімі бойынша әскери қызметкер кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде 600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 272 600 теңге айыппұл салынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.