«Қазақфильм» мен «Белорусьфильм» ынтымақтастық меморандумына қол қойды

0 2

Қытайдың Циндао қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отырған  кинофестиваль аясында «Қазақфильм»  мен  «Белорусьфильм» ынтымақтастық меморандумына  қол қойды,  — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Меморандум бірлескен киноөндіріс мәселелерін реттеуге бағытталған. Сонымен қатар, құжатта киноөндірісті ұйымдастыруға ықпалдастық ету, кино туындыларды жылжыту және дистрибуциясын жасау, кинематография саласындағы мамандарды тағылымдамаға жіберу мәселелері де қамтылған.

Ынтымақтастық туралы келісімді сөз ете келе «Қазақфильмнің» вице-президенті Дәурен Әбдіхамитов, аталмыш меморандум екі елдің  кинематография саласындағы байланысы мен достық қарым-қатынасы жолындағы маңызды қадам екенін баса айтты.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына 23 кинолента  қатысып отыр. Олардың арасында екі отандық картина — режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Алмас қылыш» тарихи фильмі және режиссер Талғат Теменовтің «Біздің қаланың ханзадасы» мелодрамасы бар.  Жалпы кинофестивальде көрермендерінің назарына 60 картина ұсынылмақ.

Сонымен қатар, фестивальде көрермендер Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген басқа да картиналарды тамашалай алады. Олар: режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» әскери драмасы және режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» картинасы.

Үздіктерді 12 кәсіби маманнан тұратын қазылар алқасы анықтайтын болады. Қазылар алқасының төрағасы танымал қытайлық продюсер Хань Саньпин.

Айта кетейік, қазақстандық режиссер, продюсер Сергей Азимов негізгі конкурстың қазылар алқасы қатарында.

Қатысушыларды «Үздік фильм», «Үздік режиссура», «Үздік сценарий», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел адам рөлі» номинациялары бойынша және қазылар алқасы тағайындаған арнайы жүлдемен марапаттайды.

17 маусымға дейін жалғасатын ШЫҰ аясындағы кинофестивальді ҚХР мемлекеттік кинематография басқармасы мен Шаньдун провинциясының әкімшілігі ұйымдастырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.