Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорын өз құзіретімізге алуға дайынбыз – «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы

0 0

Бүгін Астанада өткен «Атамекен» ҰКП V Съезінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобаның басты мақсаты – еліміздің бизнес-бастамасы бар, өзін өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы ауыл халқының экономикалық белсенділігін арттыру екені айтылды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Baq.kz — ке сілтеме жасап.

«Кей адамдар біз нарыққа бейімделе алмайтынымызды айтады. Меніңше, бұл жаңсақ пікір. Ең бастысы – кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарға істі бастау тетігін көрсетіп, оқыту керек. Ауылдың адамдары бала сияқты: көңілдері ашық, қарапайым. Оларға алғашқы бір жылда демеу көрсетіп, ісі алға басып кетуіне жағдай жасау керек. «Бастау» жобасы осы себепті пайда болды. Негізгі мақсат – ауылдағы азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Елбасымыз соңғы екі жылда өз-өзін жұмыспен қамту мәселесін көтеріп отыр, сондықтан «Бастау» жобасы мемлекеттік бағдарламаға еніп, аудандарға жетті», — дейді «Атамекен» ҰҚП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов.

Ол бұрынғы замандағы батырлық – жерін қорғау болса, қазіргі батырлық – ата-бабадан аманат болып қалған жерде кәсіп ашып, мемлекеттің нығаюына үлес қосу екенін айтты. Осы жоба арқылы бизнес-жоспарларын қорғап шыққан адамға шағын несие беріледі. Кәсіпті бастау оңай емес. Ісін енді ғана бастап жатқан кәсіпкердің көкейінде «Кәсіпкерлікті неден бастауым керек? Қай жерден ашуым керек? Бұл қызмет түріне қанша адам жүгінеді? Алған несиемді қайтара алам ба?» деген сияқты сансыз сұрақтар туындайды.

Осы жобаға қатысып, кәсібін ашқысы келетін, заман талабына сай болуды қалайтын азаматтар көп. Осы орайда бизнес-тренерлердің орны зор. Кәсіпті бастап және ары қарай дөңгелетіп әкетуде олардың қосар үлесі мол. Сондай-ақ, Басқарма Төрағасы барлық аймақтағы «Бастау» жобасының жұмыстарын көріп жүргенін айтты.

«Ауыл шаруақожалығын қолдау қорын тұтастай немесе елу пайыз пакетін өз құзіретімізге алу арқылы кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетпек ойымыз бар. Бұл мәселе талқыланып жатыр, бірақ бұл біз үшін де үлкен жауапкершілік. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы – қоғамдық мекеме. Қаржыға қатысты мекемені қарамағымызға алған жайдайда, мемлекеттің қаржысы болғандықтан оның қалай игеріліп, қайда жұмсалып жатқанын тексереді. Бұл тұрғыда алып қарағанда бізге де оңай емес, бірақ мойнымызға ондай жауапкершілік алуға дайынбыз», — дейді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.