Зиялы қауым Елбасының шешіміне қатысты не дейді?

0 0

Қазақ жазушылары Түркістан қаласына жаңа мәртебе беру туралы шешімге қолдау білдірді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.

Күні кеше президент Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының атауын Түркістан деп өзгертіп, қазақ хандығы мен түркі әлемінің жүрегіне айналған Түркістан қаласын облыс орталығы етіп бекіткен жарлыққа қол қойған еді. 

Қазақтың бетке ұстар қаламгерлері Елбасының шешіміне байланысты пікір білдірді.

Тарихы терең киелі мекен

Драматург Дулат Исабековтың айтуынша, жарлыққа кеше ғана қол қойылғаны болмаса, Түркістан ежелден  қазақ елінің астанасы. Бүкіл хан мен би, сұлтандар мен батырларымыздың сүйегі жатқан қасиетті жер.

«Мен Мароккода 9 ғасырдағы картаны көрдім. Картада қазақтың екі ғана қаласы бар: Түркістан мен Испиджаб (Сайрам). Бұл Түркістанның тарихы тереңде жатқан киелі мекен екеніне бірден-бір дәлел. Сонымен қатар, тәуелсіздік алғалы Түркістан – рухани  астана. Және президент жарлығынан кейін де Түркістан гүлденіп, абыройы арта береді деген ойдамын», — дейді ол. 

Құдайсыз қоғамға қажет болмады…

Ал, жазушы Смағұл Елубай мұның 1990 жылдары Елбасының бастамасының көтерілген аяулы идея екенін алға тартты. Оның пікірінше, осы уақытқа дейін ел халқы Түркістанның гүлденуін, облыс орталығына айналғанын қалады.

«Шын мәнінде бұл қазақ халқын рухтандырған шешім болды. Өйткені, 800 жылдан бері қазақ деген халықтың иманына қорғау болған, қорған болған және иман  жолында ұстаз, пір болған Қожа Ахмет Ясауидің денесі жатқан  Түркістан қаласы күллі түркі елі үшін киелі мекен саналады. Әсіресе, қазақ деген  халық 800 жылдан бері Қожа Ахметтің әруағына тәу етеді. Сондықтан да бұл қаланы өсіру, өркендету қажет еді. Совет заманында Түркістанды гүлдендіру  қолға алынбады, себебі, Құдайсыз қоғамға ол қажет болмады. Ал бүгін күллі Қазақстан болып Түркістанды көтеру – міндет», — деген жазушы түптің түбінде Түркістанның тек рухани астана ғана емес, түркі жұртының саяси орталығына айналуы тиіс екенін айтты. 

Бабаларға көрсетілген құрмет

Мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов Түркістанның түркі бабаларымыздың рухани мұрасы екеніне назар аударды.

«Түркі халықтарының тарихи кезеңдерін еске алсақ, 10-11 ғасырда Ахмет Иасауи, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұни секілді ірілер тұр. Оның алдында Әл-Фараби ғұламамыз бар.  Түркістанды облыс орталығына айналдыру туралы шешім – бабаларымызға көрсетілген құрмет. Егер бабаларымызға лайықты құрмет көрсетсек, саналы  түрде бабаларымыз ұлттық тәуелсіздік, болашағымызға демеуші болады. Алдағы уақытта Түркістанның гүлденетініне кәміл сенемін. Қабылданған шешімге қуанайық, тек қана қуанбай, шынайы жаңғыруға ат салысайық», — дейді ғалым. 

Leave A Reply

Your email address will not be published.