Ұлт жоспарын басшылыққа алып

0 1

Елбасының «100 нақты қадам» — «Ұлт жоспарын іске асыру – ең алдымен Қазақстанды 30 дамыған елдің қатарына қосып, еліміздегі барлық қызмет түрлерін халықаралық деңгейге көтереді деп күтілуде. Президент ұсынған реформалар экономиканың барлық саласына қатысты десек, соның бірі – ветеринария саласын нығайту екені сөзсіз.  «Медицина адамды ғана емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөз бар. Сол айтпақшы, мал ауруларына қарсы жұмыстарды бүгінде ветеринария саласы бақылауда ұстап келеді. Жалпы соңғы жылдарда осы салаға көп көңіл бөлініп отырғаны аян. Әсіресе, жұқпалы ауруларға қарсы шаралар жүйелі атқарылуда. Осы бағытта нендей шаралар қолға алынып отырғаны туралы бізге «Жуалы ауданы әкімдігінің ветеринария қызметі»  шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын директоры Ғабитбек Кебеевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

—  Ғабитбек Ақылбекұлы, бүгінгі таңда, сіз басқарып отырған мекемеге жүктеліп отырған жүктің салмағы зор. Өйткені, адамға малдан жұғатын аурулар көп. Сол ауруларды анықтау, әсіресе, қауіпті деп саналатын індеттің бірі сібір жарасы сияқты ауру ошақтарының алдын алып, жою бағытында қандай жұмыстарды қолға алып отырсыз?

Дұрыс айтасыз. Ветеринария саласы жалпы адамзатты емдейді десек артық айтқандық болмас. Өйткені, ауылды жердің тұрғындары күнделікті жан-жануарлармен қарым-қатынаста болғандықтан, етін жеп, сүтін ішкендіктен де ауру малдың дерті адамға жұғу қаупі жоғары. Сондықтан, біз қолдағы малға екпе жұмыстарын жүргіземіз. Қанын алып, тексереміз. Ауру малдарды дер кезінде жойып отырамыз. Сол мал ауруларының ішінде сібір жарасы (қойда — топалаң, жылқыда — жамандат, ірі қарада — қараталақ, түйеде — ақшелек, қарабез) мал және жабайы жануарлардың Bacillus anthracis микробы коздыратын, жіті түрде өтетін аса қауіпті жұқпалы ауруы болып саналады. Онымен адам да (түйнеме, күйдіргі) ауырады. Сібір жарасы кең тараған ауру. Оған ірі қара, қой, ешкі, жылқы, бұғы, түйе т.б. сондай-ақ жабайы шөпқоректілер шалдығады.

Сібір жарасы — маусымды індет. Ол әсіресе маусым-қыркүйек айларында жиі тарайды. Топалаң негізінен қой мен ешкіде, сирегірек жылқы мен сиырда байқалады. Мал жем-шөптен қалып, ірі қарада күйіс қайтаруын тоқтатып, сауын сиырлардың сүті қайтады. Жылқының ішегі түйіліп, ірі қараның таз қарны кебеді. Кейде іш қатып, не керісінше қан аралас іш өтіп, несепте қан байқалады.

Ауырған мал кенеттен, аурудың клиникалык белгісі байқалып үлгермей-ақ, өліп кетеді. Мұндай жағдайда қой ентігіп, дірілдеп-қалшылдап, кейде орнында секіріп барып құлайды да, бірер минуттың ішінде өледі. Мұрны мен аузынан қанды көбік ағады. Жылқы мен сиыр еліріп, одан кейін тез басылады. Ентігіп дем алады, тамыры жиі соғып, кілегейлі қабықтары көкшілденіп, дене қызуы 41-42 °С жетеді.

—      Ауру мал анықталған жағдайда мал иесі не істеуі керек?

— Ең бірінші, мал ауырған немесе өлген жағдайда мал иесі өз ауылдық округ ветеринариялық мамандарына шұғыл хабарлама беру керек. Ауру қоздырғышы — індетке шалдыққан жануарлардың зәрі және т.б. арқылы тарағандықтан, бұл індетпен өлген малдың бүкіл органдары ұлпаларында бациллалар өте көп болады. Осы аурудан өлген хайуандарды сойып, ішін жаруға болмайды. Өйткені өлген немесе сойылған малдың терісі, еті, жүні т.б. арқылы індеттің ауру қоздырғышы сыртқы ортаға таралады.

«Ветеринария туралы» заңының 25 бабы 11 тармағында: кез келген малды союдың алдында ветеринариялық тексеру жүргiзбей жануарларды сату үшiн союға және сойғаннан кейiн ұшалары мен мүшелерiне ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай өткiзуге жол бермеуге жағдай жасау көрсетілген. Сондықтан, өлген малды союға қатаң тыйым салынады.

Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №136 бұйрығымен бекітілген:  Күйдіргі ауруының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың 18 тармақшасында жазылғандай:

— жануарлардың күйдіргімен ауыруы немесе күйдіргіге күдікті жануарлардың өлу жағдайлары тіркелгені туралы ақпаратты алған кезде, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор мен тиісті аумақтың мемлекеттік ветеринариялық дәрігері ауырған және өлген жануарларға тексеру жүргізеді.

 Сібір жарасының алдын алу, яғни профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін «Жуалы ауданы әкімдігінің ветеринария қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына берілген сібір жарасына қарсы вакцина ауылдық округтерге бекітілген жоспар бойынша таратылып, егу жұмыстары жүргізіледі. Сібір жарасына вакцинаны егу жұмыстарын жүргізгеннен соң 14 күнге дейін малды союға қатаң тиым салынады.

Барлық ауыл шаруашылық жануарларына бірдейлендіру жұмыстары мал иесінің өтініші бойынша МІҚ, уақ малдарына құлақ жапсырмалары және профилактикалық (вакцина салу), диагностикалық (қан алу) жұмыстары бюджет есебінен тегін жүргізіледі.

Жылқы малына чип салу ақылы. Ол мал иесінің өз қаражатынан жүргізіледі. Ауыл шаруашылық жануарларына бірдейлендіру жұмыстары жүргізілмей сібір жарасына вакцина егу жұмыстары жасалмайтындығын ескертеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.