АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: ЖАСТАРҒА ҚАТЫСТЫ ЕҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ – ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТУ

0 1

Бүгін аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен жастар ісі жөніндегі кезекті кеңес отырысы болып өтті. Бұл туралы «Zhambylnews» AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кеңес барысында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының 6 айда атқарған жұмысы тыңдалып, бүгінгі жастардың жәй-күйіне қатысты қордаланған мәселелер көтерілді.

 

Кеңес мүшелері тарапынан да, жиынға қатысқан жалынды жастар тарапынан да көтерілген маңызды мәселенің бірі – облыс жастарын бір шаңырақ астына біріктіретін ғимараттың жоқтығы болды. Аймақ басшысы алдағы уақытта аталған өтініштің аяқсыз қалмайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Асқар Исабекұлы қоғамның қозғаушы күші, жастар мәселелерімен айналысатын басқарманың жұмысын сын тезіне алды.

— Жылына 340 млн. қаржы бөлінетін жастар ресурстық орталығының жұмысын бір жүйеге келтіру керек. Жастар семинарларға, флешмобтарға, акцияларға келмейді деп қынжыласыңдар. Құрғақ сөзбен өтетін жиындарың да жастарға жауыр болған. Сол себепті, жастардың жұмыссыздығы, кәсіпкерлікке баулу, техникалық мамандардың тапшылығы бойынша жиналыстар көптеп өткізу керек. Сонда ғана басқарма мен жас буынның арасында байланыс болады. Жастар көптеп жұмысқа тартылса ғана қоғамда тәртіпсіздік, көшеде құқық бұзушылық азаяды, — деді Асқар Мырзахметов.

Сонымен қатар, облыс әкімі жастар мәселесіне келгенде тек билік тарапы ғана емес, жастардың өздеріде атсалысу керектігін тілге тиек етті.

Айта кетерлігі, аймақ басшысының бастамасымен алдағы уақытта жастар ісі жөніндегі кеңес көшпелі болып бекітілетін болды. Құрамындағы комиссия мүшелері, аудан, шалғай ауылдық жерлердегі жастардың мәселесін көзбен көру үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеуге уағдаласты.

Еске сала кетейін, статистика бойынша облыста 240 мыңнан аса жастар бар. Олардың 186 мыңы 22-29 жас аралығындағылар. 6200-ге жуығы жұмыссыз болса, 2200 мыңы тұрғын болып тіркелмегендер. Ал 75 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жаста, 44 мыңы бүгінгі таңда әр-түрлі кәсіппен айналысуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.