«Қазпошта» АҚ жаңа қызметтер ұсынады

0 3

Бұдан былай  аймақ  тұрғындары әуе және темір жол билеттерін пошта қызметі арқылы сатып ала алады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мемлекеттік қызмет көрсету бағыты бойынша өткен комиссия отырысында «Қазпошта» АҚ  облыстық филиалының директоры Болысбек Пірәлі мәлімдеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұзақ жылдардан бері байланыс құралы ретіндегі өз маңызын жоймай келе жатқан «Қазпошта» құрылымына жаңа қызмет түрлері енгізіліп отыр. Мәселен, аталмыш байланыс торабы сәлемдемелер супермаркеті мен шетелден интернет-дүкен арқылы тапсырыс қабылдау сияқты қызметтерді көрсетіп отыр.

– Бүгінгі таңда «Қазпошта» АҚ  Жамбыл облыстық филиалы инфрақұрылымын дамытуда  жүйелі  жұмыстар жасап жатқан үлкен мекеме. Филиалда 1200 адам жұмыс жасайды. Ауыл тұрғындарына қолжетімді, сапалы қызмет түрлерімен қамтамасыз ету жолында пошта байланыс бөлімшелерінің 90 пайыздан астамы автоматтандырылған. Алдағы уақытта облыс аумағын түгелдей байланыс бөлімшелерін 100 пайыз автоматтандырумен қамту жоспарланып отыр, – дейді Болысбек Бөрібекұлы.

Сондай-ақ  қазпошта «поштамат» атты жаңа қызмет көрсету түрімен толысып отыр. Ал бұл қызмет – интернет-дүкендерде және  каталогтардан тапсырыс  берілген тауарларды беру терминалы. Мұндай қызмет түрі облыс орталығы бойынша 5 пошта бөлімшелерінде жұмыс істеп тұр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы жаңа жүйеге сәйкес, еліміздегі көше бойындағы барлық ғимараттар бірегей әріптік сандық пошта индекстерімен сәйкестендірілу жұмыстары жүргізілуде. Бұрын бұл белгілер тек алты саннан тұратын болса, жаңа пошта индексі бойынша жеті таңбадан құралады екен.

– Ауыл тұрғындары арасында қаржылық қызметтердің ішінде зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы мен еңбекақы төлемдері бойынша қызметтерді қолдану деңгейі басым. Тұтынушылардың басым көпшілігі үлкен жастағы зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылар болғандықтан, оларға ыңғайлы болуы үшін ауылдық пошта бөлімшелеріне Post-терминал құрылғыларын орнаттық. Облыс деңгейінде Post-терминал құрылғыларымен қамту үлесі 90 пайызды құрады. Ауылдық жерлерде мекеме қызметкерлері жалақыларын алу, зейнеткерлер зейнетақы үшін 100-150 шақырымдық жердегі аудан орталықтарына баруға мәжбүр. Сондықтан «Қазпошта» АҚ қолдауымен, ауыл-аймақтарды банкоматтармен қамтамасыз ету қолға алынып, ағымдағы жылы орнатылған банкоматтарды қоса есептегенде барлығы 24 банкомат орналастырылған, – дейді филиал басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.