Жастар және дін

0 3

Қазақстан аумағында ертеден тамырын терең жайған Ислам діні тәуелсіздіктен соң қайта түлеп, қазір елдің коғамдық-саяси өміріндегі өз орны мен маңызын айшықтай түсуде. Ислам жергілікті халықтардың сенім жүйелерімен, құқықтық және адамгершілік заңдылықтарымен, философиясымен, мәдениетімен араласып әрі олардың әсеріне ұшырай отыра, өзі де ықпалын тигізді. Соның нәтижесінде ол өзі тараған аумақтардағы халықтардың салт-санасына етене кіріп, діни-рухани, мәдени құндылықтарының біріне айналды.

Ислам діні адамзатты бейбітшілікке, татулыққа, ынтымаққа, ізгілікке, әділдікке, тазалыққа, тура жолға үндейді. Осы дінді ұстанудың, бабалар дәстүрін жалғастырып, халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтудың, өскелең ұрпақты оған тәрбиелеудің демократиялық негізгі бағыты мен маңызы Ата Заңымызда көрсетілгендіктен де біз зайырлы мемлекеттер санатына жатамыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп көрсетілген.

Діни экстремизмнің пайда болуы мен көріністері бұл күндері жан-жақты зерттеліп, оған қарсы тұрудың саяси-әлеуметтік, құқықтық тетіктері жасалды әрі олар жылдан-жылға жетілдірілуде. Соның нәтижесінде, бірқатар кері ағымдардың қызметі тоқтатылып, олардың теріс әрекеттері халық алдында әшкереленді.

Экстремизм-латын тілінен енген термин, сөздік мәні «соңғы, шеткі» деген мағынаны білдіреді. Экстремизм ұғымының саяси мағынасы – бұл шектен шыққан көзқараспен және іс-әрекетімен ерекшеленетін күрделі әлеуметтік феномен. Сонымен қатар, бұл тікелей немесе жанама түрде зайырлы қоғамдағы демократияны жоққа шығаратын саяси қызмет түрі. Діни экстремизм ұғымы — шынайы діннің негізгі қағидаларынан, қазіргі қолданыстағы ұлттық заңнамалардың және халықаралық құқықтық қағидаларынан тыс шектен шығу дегенді білдіреді. Арнайы сөздік бойынша «діни экстремизм» — басқа діндерді ұстанушы адамдарға төзімсіздік танытып, соған сәйкес қоғамға қарсы, көбінесе құқыққа қайшы, соның ішінде азаматтарға қарсы күш қолдану әрекеттерге шақыру.

Зерттеуші ғалымдардың пікірінше, Қазақстандағы діндар жамағаттың ағымдарға бөліну себептерін, алдымен әлеуметтік факторлармен байланыстырады, яғни өмірден орнын таппаған, тұрмыс-тіршілігі нашар адамдар көп жағдайда, көңіл жұбаныштарын діннен табуға тырысады. Осы оңтайлы жағдайларды өз мақсаттарына пайдалануға ұмтылған радикалды идеологияны таратушылар өз орнын таппай жүргендерге Құран сөздерін өздеріне қажетті мазмұнда түсіндіріп миларын улайды. Осылайша, «тығырықтан шығар жолды» көрсеткен болады. Жалпы, экстремизм деген терминге қазіргі әлем ғалымдары мен сарапшылары түрлі мағыналар берген. Бірақ, ортақ бір шешімге келмеген. Бір анығы ол қоғамға, мемлекетке және жалпы қоғамға, қауіп төндіретін құбылыс. Ал, соның ішіндегі діни экстремизм дегеніміз-дәстүрлі дінді бұрмалап, жат «идеяны» белсенді насихаттау, зайырлы жүйеге қарсы әрекет ету. Экстремизмнің негізгі белгілері:

1.Мемлекетке диктатура орнатуды ашық жариялайды, яғни, бұл дегеніңіз елдегі азаматтардың саяси және азаматтық құқықтарын кемсіту;

2.Елдегі конституциялық құрылымды үзілді-кесілді мойындамайды, оны зорлық-зомбылық күшімен жоюға және билікті заңсыз басып алуға ашық түрде насихаттайды;

3.Заңсыз қарулы жасақтар құрады;

4.Елде әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тіл және діни алауыздықты қоздырады, сонымен қатар, осы ерекшеліктер бойынша азаматтардың құқығын шектеуді мақсат етеді;

5.Елде белгілі бір ұлттың немесе діни конфессияның тоталитарлық режимін орнатуға мүмкіндік береді.

Діни экстремизмнің шығуының басты үш негізі бар. Біріншісі, діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып табылады. Екіншісі, діни сауатсыздықтың кесірінен теріс пиғылды ағымдардың өкілдерінің сөзіне еріп, надандықтан шыққан соқыр сенім. Бұл қазіргі қоғамда болып жатқан құбылыс. Ал, үшіншісі әлеуметтік мәселелер. Айналысатын ісі жоқ, жұмыссыз жастардың болашаққа сенімсіз жағдайын пайдаланып экстремистік идеологияны саналарына сіңіреді. Секталар қоғамда діни және этникалық төзімсіздікті, отбасы ішінде араздықтардың пайда болуына жол ашады, содан, адамдардың арасында этникалық және конфессиялық қарым-қатынастардың жойылуына ықпал етеді.

Соңғы жылдары Қазақстанда әр түрлі дәстүрлі емес, экстремистік пиғылдағы ағымдар тарап кетті. Шығыс Азиядан, Батыс Еуропадан да келіп уағыз жүргізіп жатқан миссионерлердің де саны аз емес. Діни экстремизмнің көріністері қазіргі заманда жастардың жат ағымның идеологиясына еліктеп, соқыр сенімнің жетегімен зайырлы қоғамға қарсы әрекет етуі. Діни экстремизмнің көрінісі ретінде ғаламтор кеңістігіндегі мұсылмандардың қысымға ұшырауы, әсіресе АҚШ, Еуропа, Израильдегі, Ресейдегі, Кавказ аймағындағы мұсылмандар туралы ақпараттарды қанға бөккен адамдардың суреттерді, бейне-материалдарды ашық көрсету арқылы күллі әлемді мұсылмандарға жау ретінде көрсетуге ұмтылуы діни экстремистік идеялардың тарауын айтуға болады.

 Діни экстремизм мен  терроризмнің алдын алу және болдырмауға бағытталған №1 қалалық мобильдік тобының жетекшісі Нұрлан Қанатов 

Leave A Reply

Your email address will not be published.