Денис Тен өлімі: Екі күдіктінің түсініктемелері бір-біріне қайшы келіп тұр

0 1

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге қастандық жасады деген күдікпен ұсталған Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновтың берген түсініктемелері әр түрлі, — деп хабарлайды  «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұған дейін Нұрлан Қиясов «Денис Тенді ұрмадым, пышақ салмадым, жәй ғана қарап тұрдым» деп мәлімдеген болатын. Кейінірек екінші күдікті Арман Құдайбергенов спортшыға екі рет пышақ салғанын мойындады. Алайда, бетпе-бет кездесу барысында Нұрлан Қиясов пышақты өзі салғанын мойындады.

«Күдіктілердің ауыр қылмысты бір-біріне сілтеуі бүгін ашылған жаңалық емес. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын, қай күдіктінің пышақ жұмсағанын толық анықтауға мүмкіндік беретін сараптамалар жүргізіп жатырмыз. Екі күдіктінің түсініктемелері бір-біріне қайшы келіп тұр, нақты сараптамалардан соң пышақтың кімнің қолында болғанын нақты анықтаймыз», — деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов Денис Тен өлімін тергеу туралы арнайы брифингте. 

Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдікті ұсталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.