Түркістан мен Кентаудың шекаралары белгіленді

0 2

Оңтүстік өңірі, Кентау мен Түркістанның халқы үшін маңызды сессия бұл жолы Шымкент қаласындағы Түркістан облысы әкімдігінің ғимаратында өтті. Депутаттардың қарауына ұсынылған төрт мәселе алдын тұрақты комиссиялардың отырыстарында жан-жақты талқыланғандықтан, олар бойынша шешім бірауыздан қабылданды.

Өңір басшысы әрбір қабылданған шешімнің маңыздылығына тоқталып, қолдау көрсеткен депутаттар корпусына алғысын білдірді.

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі: «Кентау қаласының аумағына 12 ауылдық округ өтіп, көлемі 721 мың 745 болып белгіленді. Бюджет те нақтыланды. 2018 жылға арналған облыс бюджетінің көлемі 523 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,9 млрд артық. Өсім бар».

Әкім Түркістанда орын алатын жаңашылдықтармен бөлісті. Түркі дүниесінің мәдени рухани орталығы Түркістанның даму концепциясын жасау бойынша конкурс жарияланған. Әзірге отандық және шетелдік сәулетшілерден 30 шақты жоба ұсынылыпты. Тамыздың ортасында үздік концепция анықталып, бас жоспар бойынша құрылыс басталады. Жобаларды жүзеге асыруға өңір басшысы депутат кәсіпкерлерді шақырды. Аумағы ұлғайған Кентау шаһарын да оң өзгерістер күтіп түр.

Әбдібақыт Мақұлбаев, Кентау қаласының әкімі:
«Кентау халқының саны осыған дейін 97 мың болса, енді елдімекендер қосылып, саны 198 мыңға жетеді. Қазір ауылдық округтердің аумағын әділет органдарында тіркеу, ұйымдастыру жұмыстарына кірісеміз. Бюджет алдағы тамыз айында нақтыланады».
Тарихи шешім қабылдаған әріптестерінің қуанышына ортақтасқан Мақтаарал ауданынан сайланған депутат Сәду Бекенов сәтті пайдаланып облыс әкімінен тікелей көмек сұрады. Айтуынша мақта көбелегіне қарсы химикаттармен өлкедегі шаруашылықтар қамтылмаған. Әкім мырза аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына мәселені шешу бойынша тапсырма берді.

 

Дереккөз: otyrar.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.