Балаға қазір теориядан гөрі дағдыларды үйрету керек — 26 жастағы мектеп директоры

0 5

Мектеп директоры дегенде салиқалы, жасы бел ортадан асқан адамдардың елестейтіні рас. Жасы отызға жетпеген жігітті директор деп қабылдай алар ма едіңіз?

Астанадағы №54 мектептің директоры Шәкәрім Сейсенбай жас та болса, жаңашылдығымен көзге түскен. Ол — Қазақстандағы ең жас мектеп директоры. Республика бойынша жалпы білім беретін 7 мыңға жуық мектеп болса, 26 жастағы Шәкәрім Сейсенбай — халықаралық білімі бар жалғыз директор. Ол Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде бакалавр дәрежесін алған. Одан кейін «Молекулярлық биология» мамандығы бойынша əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистратурасын тәмамдаған және Назарбаев Университетінде «Білім саласындағы менеджмент» мамандығы бойынша магистратураны бітірген.

Шәкәрім мырза, сіздің өмірбаяныңызды оқып, бір емес бірнеше стереотипті бұзғаныңызды байқадық. Қазақстанда жүріп-ақ, шет тілін меңгеріп, халықаралық білім алу қиынға соқпады ма? Сосын Назарбаев университетіндегі «Білім саласындағы менеджмент» мамандығы туралы айтып берсеңіз. Қазақстан ЖОО-ларында бұл мамандық оқытылмайтын сияқты.

─  Менің балалық шағым мектепте өтті деуге болады. Себебі, анам математика пәнінен сабақ берді, кейінірек директор болды. Сондықтан да болар, ойланбастан мұғалім болуды ұйғардым. Адам өз мамандығын сүйіп таңдаса, өз жолын адаспай тапса, сол салада барынша тереңдеуге тырысады. 11-сыныптан бастап, сабақ берудегі жаңа тәсілдерді қайдан үйрену керек деп іздене бастадым. Ол жылдары компьютер, интернет жаңадан келіп жатты, өзіме қажет көптеген қызықты ақпараттар ағылшын тілінде кездесті. Білім беру бойынша шет мемлекеттер мен ТМД елдерін салыстырғанда, жер мен көктей айырмашылықты көрдім деуге болады. Сол кезде мұғалім қызметіне ағылшын тілінің ауадай қажет екенін түсіндім. Бакалавр мен магистратурада жүргенімде білім саласына тереңдеу үшін не істеу керек деген сұрақ болды. Назарбаев Университетінде «Білім саласындағы менеджмент» мамандығы бар екенін көріп, докторантурасына құжат тапсырдым. Бірақ, сәті түспеді. Сонда да қайтпай, келесі жылы магистратурасына түстім.

«Білім саласындағы менеджментке» тек қана білім саласының мамандарын шақырады, оларға тіл мен зерттеу дағдыларын, шешім қабылдамас бұрын толыққанды зерттеу жүргізуді үйретеді. Қазіргі уақытта мектепті қалай дамыту керек, стратегиялық жоспар қалай жасалады деген тақырыпта әлемде мыңдаған зерттеу жұмыстары бар, көптеген ғылыми мақалалар бар. Бір ғана мектептегі балалардың тәртіпсіздігі туралы 20-30 беттік еңбектер жазылады. Сонда алған білімім қазір қажетке жарап жатыр. Себебі, мектепте болып жатқан процестерге басқаша көзқараспен қарайсыз. Мектепте бір келеңсіздік болса, оған бірнеше фактордың әсер етіп жатқанын білесіз, ол факторларды таппай, анализ жасап қарастырмай, келеңсіздікті шеше алмайсыз.

Еңбек жолыңызды тәрбиешіліктен бастап, мұғалім, мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқардыңыз. Ал директор болу ұсынысы кімнен түсті?

 ─ Астанада директордың бос орнына байқау жарияланғанда өзім өтінім бердім. Әрине, бұл қызметке бірден тағайындалған жоқпын. Астананың білім басқармасымен скайп арқылы сұхбаттастық. Одан бөлек, педагогика саласы, заң бойынша емтихан тапсырдық. Бұл сынақтан өткен үміткерлер қамқоршылар кеңесінің алдында, білім басқармасында мектепті дамыту бойынша жоспарын таныстырады. Содан кейін ғана шешім қабылданады.    

Сіз бұзған тағы бір стереотип — мектеп директорының образы. Мұндай жас директорды ұжымыңыз, ата-аналар мен оқушылар қалай қабылдады?

— Оқушылар үшін қызық болды. Мен олардың ағаларымен жасты болған шығармын. Қазіргі уақытта мектептерде жас ер мұғалімдер сирек кездеседі. Ал әрі жас, әрі ер адам, әрі директорды көргенде таңданыстар болды, әрине. Бір жағынан балалар өздерімен тең дәрежеде сөйлесе алатын жас директор келді деп қуанды. Ұжымым да жақсы қарсы алды. Тәжірибелі мұғалімдер қолдауын аямады. Бәлкім оларға да жаңа көзқарастағы басшы керек болған шығар деп ойлаймын.

Әлеуметтік желіде оқушыларыңызбен сөйлесесіз бе?

─ Иә, араласып тұрамыз. Тек оқушылармен ғана емес, ата-аналармен де әлеуметтік желі арқылы байланысып отырамыз. Негізі мектепте, қаржы жағынан да, коммуникация жағынан да, жалпы процесте ашықтық болғанын қалаймын. Барлық ата-анаға Фейсбук, Инстаграм, Ватсапп нөмірімді бердім. Қандай да бір мәселені көрсеңіздер, байқап қалсаңыздар, ескертпелеріңіз болса, суретке түсіріп кез келген уақытта маған жіберіңіздер дедім. Балалар да емін-еркін жекеме хат жазып, өз ұсыныстарын білдіреді. Бұл да коммуникацияның жақсы бір құралы деуге болады.

Сұхбатқа дайындалғанда мыңмен жалғыз алысып, қатып қалған жүйеге өзгеріс әкелген күрескер мұғалімдер туралы бірнеше фильм қарап шықтым. Сізге де осылай күресуге тура келді ме? Жалпы бұл мектепке қандай өзгерістер әкелдіңіз?

─ Біздің тарихымыз Рон Кларк («Триумф Рона Кларка» фильмінің кейіпкері, шынайы өмірде де болған педагог — авт) секілді күрделі болған жоқ. Себебі мектеп те, ұжым да, балалары да жақсы. Тек жаңа бір серпін ғана қажет болды. Бұл өте үлкен мектеп, мұнда 2500-ге жуық оқушы, 140 мұғалім бар және жалпы 180 адам жұмыс істейді. Яғни, жалғыз адамға басқару өте қиын. Сондықтан, мектепке келгенде-ақ жалпы білім беретін орта мектепті дамытуға көмектескісі келгендерге іздеу салып, пост жаздым. Таныстарымыз, достарымыз көмек қолын соза бастады. Мектепке зерттеу жүргіздік. Талдау жасадық, мұғалімдер мен оқушылардан, ата-аналардан сауалнама алдық, жан-жақты ақпарат жинадық.

Ішкі процесте анықталған мәселелерді бірден өзгерттік. Мәселен, күнделікті 07:55-те мемлекеттік гимн ойналады екен. Күнделікті орындалғандықтан, оны бәрі жиналып тыңдамайды, әркім жүрген жерінде тоқтап тұра қалады. Салдарынан балалар бірінші сабаққа кешігіп келеді, мұғалімдер бірінші сабағын дұрыс ұйымдастыра алмайды. Гимннің қадірін кетірмей, керісінше, маңыздылығын арттыру үшін әр дүйсенбі жиналып, аптасына 1 рет гимн тыңдауды ұсындық.  Сосын әр дүйсенбі сайын төрт «линейка» болады екен, онда әр мұғалім өз сыныбын дайындайды, әр «линейкада» бір сынып тәрбие сағаттарын өткізіп, қойылым қояды, оған дайындалады. Соның барлығын алып тастауды ұсындық және оған мұғалімдер қуанды.

Сосын мереке күндері мұғалімдер төленбейтін кезекшілікке шығып жүрді. Мектеп қауіпсіздігіне жауапты күзет агенттігімен жасасқан келісімшартты қайта қарадық, онда мереке күндері мұғалімдер емес, күзет агенттігінің қызметкерлері күзетуі тиіс екен. Осылайша, мұғалімдер кезекшіліктен құтылып, мереке күндерін өз жақындарымен өткізіп, демалып, сабаққа көтеріңкі көңіл-күймен келетін болды. Сауалнамада мектепте мұғалімдерге арналған бөлменің жоқтығы айтылды. Қазір сол бөлмені жасап жатырмыз, онда кофе-шәй ішетін мүмкіндіктерді жасап, компьютері мен принтерін қойып береміз. Мұғалімге жақсы диван бермей-ақ, қолына борын бер, тақтасын орнат, жақсы ұстаз кез келген жағдайда сапалы білім бере алады деген пікір бар. Көбісі түсіне бермейді, инфрақұрылымды қоя тұр, білім сапасын айт дейді. Әрине, жалақы мәселесі бар, бірақ мұғалімдерге жағдай да жасалуы керек. ХХІ ғасырда бор мен тақтадан білім сапасы артпайды. Қазіргі заманда мұғалімдер мен оқушыларды басқа дағдыға бейімдеуіміз керек. Ол үшін жаңа заманауи стандарттарға сай атмосфера болуы керек, мектепте заманауи технологиялар болуы керек.

Жалақыны арттыру мәселесімен білім басқармасы айналыса ма әлде әр мектеп өзі шеше ала ма?

─ Министрлік тарапынан «Жаңартылған білім мазмұны» жүріп жатыр, мұғалімдер жалақысын 20-30 процентке арттыра алады. Біліктілік тестін тапсырып, елу пайызға дейін көбейтуге болады. Одан да басқа мүмкіншіліктер берілсе, жақсы болар еді. Себебі, қазір университетті бітіріп, еш категориясыз жас маман 50-60 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бұл өте аз.

Қазір мектептерді соған шаруашылық жүргізу құқығына ауыстыру мәселесі министрлікте талқыланып жатыр. Колледждер, балабақшалар, емханалар ШЖҚ-ға өте алады. Ол уақытта қандай да бір ғимарат өзі қаражат таба алады. Біздің мектепте бала көп, сондықтан жақсы сома алып отырмыз. ШЖҚ болса, әр мектеп өз штатын кеңейту, қысқартуды өзі шешсе, ақшаны үнемдеуді өзі реттесе, көптеген мүмкіндіктер ашылар еді. Мұғалімдердің ақшасын өз бюджетімізге қарай есептеп, айлықты көтере алар едік.

Сонымен қатар, мектеп штатында заңгер жоқ. Жалпы білім беру мектептерінде заңгер болмағандықтан, құқықтық мәселелермен есепшілер айналысып жүр. Бухгалтер — заңгер емес қой. Сондай сәттер бар.

Ғаламтордан №54 мектеп туралы пікірлерді қарағанда, орын тапшылығы мәселесін көзім шалды. Мектебіңізде бір сыныпта орта есеппен қанша бала оқиды?

─ Иә, негізі мектеп 1200 балаға арналған. Бірақ қазір 2500-ге жуық бала оқиды. Бір сыныпта орта есеппен 30 бала бар. Әсіресе 2-5 сыныптарда 31-32 баладан оқиды. Жоғары сыныпта 28-29 баладан бар. Әрине, бұл кедергі келтіреді. Бір сыныпта 20-23 бала оқуы керек.

Халық саны өсіп, көбейіп жатырмыз. Мектеп салынып үлгермей жатыр. Оларды қабылдамаймыз деп айта алмаймыз. Біз өзге аудандарда тұратын  балаларды да қабылдауға міндеттіміз. Әзірге 32 баладан аспау керек деп шектеу қойдық. Алайда 32 баланың өзі көп. Жалғыз біздің мектеп емес, қаланың барлық мектебінде 28-30 бала — қалыпты жағдайға айналып кетті.

Бұл мәселенің шешімі — жапсарлас қосымша ғимарат салу, жаңа мектеп тұрғызу.  Бірақ, бұл біздің қолымыздағы дүние емес.

Балаға қазір теориядан гөрі дағдыларды үйрету керек - 26 жастағы мектеп директоры

Мұғалімдерге тіл үйрету жағы қалай болып жатыр?

— Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесіне келесі жылдан баса назар аударамыз. Біздің «Лессон стади» жоспарымыз бойынша, түрлі пән мұғалімдері бірігіп, бір сыныпты зерттейді. Соны дамытқымыз келеді. Белгілі бір жобаға байланысты зерттеу дағдыларын дамытуға көңіл бөлмекпіз.

Қыркүйекке дейін мұғалімдердің барлық керек-жарағын, компьютерлерін барлығын алып берген соң ғана, олардан біліктілікті арттыруды, өзін-өзі дамытуын талап еткіміз келеді.

Еш жағдай жасалмаса, компьютер дұрыс жасамаса, проектор, интернет жұмыс істемесе, қалай талап етеміз? Сол үшін алдымен мұғалімдердің жағдайын жасау керек, әрі қарай өсіреміз, қолымыздан келгенше қолдау білдіреміз.

ҰБТ деген үлкен тақырып бар. Қазір ол мектеп рейтингіне еш әсер етпейді. Десе де, алғашқы ҰБТ-ңыз қалай өтті? Балаларды қалай дайындадыңыздар?

─ Қамқоршылар кеңесінің көмегімен ҰБТ-ға дайындайтын кураторлар тағайындалып, олар сынып жетекшілерімен бірлесіп, түлектерді 4 ай бойы дайындады. Көрсеткіш жақсы болды. Барлығы 187 бала бітірсе, 176-сы ҰБТ-ға қатысты. Ең жоғары 138 балл болса, мектептің орташа балы — 98. Өткен жылғы орташа балл 88 болған еді. 11 жыл алған біліміңді 3 сағатта дәлелдеу оңай емес. Ата-аналарға да, оқушыларға да қатты ұнады. Өздерінің құлшынысы оянды. Нәтиже де жемісті болды. Жаңа оқу жылында қыркүйектен бастап дайындасақ, бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе аламыз. Кураторлық жүйені келесі жылы да енгізуді ойлап отырмыз.

Кезінде балалар мектептің өртеніп кетуін тілейтін. Ал сіз, керісінше, мектепке қызығушылықты арттыру жолында жұмыс істеп жатыр екенсіз…

─ Біздің балаларымыз таңертең тұрғанда «Алақай, бүгін мектепке барамын» деген оймен келсе екен деп тілейміз. Әрине, екі жарым мың баланың бәріне ұнау мүмкін емес. Мақсатымыз — әр баланың бойынан сондай құлшынысты ояту. Ол үшін кішкентай қадамдардан бастап жатырмыз. Өзін өзі басқару ұйымы бар, «Жас Ұлан» ұйымына бөлек кабинет бердік. Кабинеттің дизайнын жасауды балалардың өз еріктеріне бердік. Оқушыларға шынымен әсерін тигізіп жатыр. 20-30 бала қазірдің өзінде мектепке асығып келіп жүр. Олар директордың кабинетіне емін-еркін кіре алады, кез келген мұғаліммен еркін сөйлесе алады. Сол 20 бала — біздің алғашқы қадамымыз, келесі жылы 50 баланы қамтимыз, осылайша жалғаса береді.

Сосын оқушыларға жаңа оқу жылына тосынсый ретінде демалу бұрышын жасағымыз келеді. Антикафе сияқты. Онда плэйстейшн орнатып, монополия, мафия, дженга секілді үстел ойындары болады. Бұл жерге рейтинг бойынша сынып-сыныппен кіргізгіміз келеді. Бір айда бір сынып қана кіре алатын болады. Яғни, оған кіру де қиынның қиыны болмақ. Бұл да бір жоба. Онда тек мектеп үлгерімі емес, бірнеше критерий болады. Озат оқушылар мен үлгілі балалар ғана кіреді деген сөз емес. Бірге еңбек етіп, ұйымшылдығымен, белсенділігімен, білімімен көзге түскен сыныпты таңдап аламыз.

Кез келген мектепте «қиын балалар» болады. Олармен қалай жұмыс істеу керек?

— Мектеп пен ата-ананың арасында ауызбіршілік болса, ол балалармен жұмыс істеу жеңіл болады деп ойлаймын. Ата-анамен жақсы байланыс орнатуға тырысып жатырмыз. Себебі, әр баланың ата-анасын танитын болсақ, балаға қалай көмектесу керек екенін білеміз. «Менің атым Қожа» секілді тәртіптік комиссияға салып, балаға ұрысып, ата-анасын шақырту, мектептен шығару мәселені шешпейді. Бала басқа мектепке барады және проблеманы өзімен бірге апарады. Бірінші қадам — ата-анасын тану. Ата-анасын айына, жылына бір рет көрсек. Баланың әлеуметтік статусын, ата-анасын білгенде ғана қиын балаларға көмек көрсете аламыз. Бізде 2500 бала бар, оңай емес, бірақ сондай мақсат қойып отырмыз.

Балаға қазір теориядан гөрі дағдыларды үйрету керек - 26 жастағы мектеп директоры

─ Қазіргі таңда ақпарат өте көп, балаға салмақ түсірмейтіндей қажетті ғана білімді қалай беруге болады? Сіздің пікіріңіз қандай, мүмкін, кейбір пәндерді алып тастау керек шығар?

─ Менің ойымша, балаға қазір теориядан гөрі, дағдыларды үйрету керек. Білім саласы мықты мемлекеттер қазір баланы өмірге дайындау, қаржылық сауаттылық, коммуникация және креативтілік, ақпараттық технологияларды меңгеру сынды дағдыларға екпін қоюда. Ақпараттық технология дегенде көз алдымызға компьютер ғана келеді. Бірақ, ақпараттық технологиялар бүгінде биология, химия сынды барлық салаға енді. Осы салаларда ақпараттық технологияларды қалай үйрете аламыз? Өкінішке қарай, қазір балаға тек қана теория беріліп жатыр. Жаңартылған білім мазмұны секілді өзгерістер де сол үшін жасалып жатыр — практикалық білімді қолға алу. Бұл өзгерістер мектепке қажет. Және қазір мектепте пәннің өзін емес, пән арқылы балаға қандай дағдыны үйрете аламын деген мақсат болуы керек. Тарих, химия, биология, физика, информатика, орыс тілі — барлығы да қажет. Оларды тек өмірлік қажеттіліктермен ұштастырып берсек, пайдалы болар еді. Сынып жоғарылаған сайын балалар өзі қызығатын сабақтар оқыса, тиімдірек болар еді. Қазір ХХІ ғасырда кейбір халықаралық басылымдарда 7-сыныптан бастап балаға неше түрлі саланы көрсетіп, апарып таныстыру қажет деген пікірлер айтылып жатыр. Сонда 9-сыныпта қай мамандық ұнады деп сұрастырып, бойыңда қандай дағдылар бар, қай салаларға қажет деп жұмыс істесе, 10-11 сыныпта сол салаға бейімдеп, тереңдетіп оқытылады. Сонда университеттегі 4 жылдық білімді 1 жылға сыйғызуға болады. Біз де сондай қадамға баруымыз керек. Себебі қазір ақпарат көп, интернет дамыған. Мұғалім 45 минут дәріс оқып түсіндіретін теорияны бала гуглдан қарай алады, түрлі әдіспен түсіндіретін бейнесабақтар, ойын ретінде түсіндіретін тәсілдер бар.

Мұғалімнің де функциясы өзгеруі тиіс деп ойлаймын. Кітапта бар білімді тақтаға жазып, түсіндіріп берумен шектелмей, оларда соны ұйымдастыра, дұрыс жеткізе білетін қабілеттер болуы керек.

Мойындауымыз керек, қазіргі заман талаптары өзгеріп жатыр. Бұрынғы индустриялық кезең секілді теорияны беріп, шаблонға сай балаларды дайындамауымыз керек. Баланы болашаққа әзірлеуіміз керек. Өмірде көп нәрсе, бизнес, идеялар адам қабілетіне байланысты. Мысалы, Фейсбук, Ватсапп, Инстаграм — өнім. Бұл жаңалықтар кей замандастарымыздың өзгеше ойлауының арқасында туды. Мұндай өнім көп. Жастарымызды соған итермелеуіміз керек, ол үшін мұғалім жан-жақты дамыған болуы керек, қажетті ақпаратты алып, қорытып, балаға бере алуы маңызды.

Мектепте униформа қажет пе? Бұл балалардың бостандығын шектемей ме?

─ Бұл тақырыпта пікірлер саналуан. Мәселен, Финляндияда форма жоқ, олар, сіз айтқандай, балалардың еркіндігін шектемеу керек дегенді ұстанады. Бірақ, Еуропа халқының әлеуметтік статустары бірдей, патша әулетінен шыққандар да велосипед теуіп жүре береді, бір-бірінен айырмашылық көп байқалмайды. Ал бізде, өкінішке қарай, айырмашылық сезіледі. Сондықтан, оқушыларға униформа міндетті түрде қажет деп есептеймін. Себебі, мектепте байлық немесе діни айырмашылық болмауы керек. Бала өз қатарласымен тең болуы тиіс.

Білім саласында соңғы жылдары өте көп өзгеріс болды. Кей адамдар оны түсінбейді, түсінбегендіктен сынайды. Осы салада жүрген маман ретінде сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. Қазақстанның білім саласындағы өзгерістердің қандай артықшылықтары бар?

─ Алғашында ҰБТ-ны жаттанды деп сынаған болатын. Қазіргі өзгерістер-мәтінді оқу, бір сұрақта бірнеше дұрыс жауаптың болуы, халықаралық емтихандар стандартына сәйкестендіру сол жаттандылықтан құтылу үшін жасалып жатыр. Әрине, нәтижесі бірден болмауы мүмкін. Арамыздан Илон Масктарды шығаруды қаласақ, теорияға ғана емес, дағдыға да көңіл бөлу керек. Үштілділіктен де қорқудың қажеті жоқ. Әрине, өз тілімізге жететін ештеңе жоқ. Бірақ бір тілмен шектеліп қалуға болмайды. Халықаралық аренада қазақ екенімізді көрсету үшін, таныту үшін, өз мәдениетімізді дұрыс жағынан насихаттау үшін әлем қауымдастығымен тең дәрежеде сөйлесуіміз қажет. Қазақстанда жалпы білім беретін 7 мың мектеп болса, одан бөлек Назарбаев зияткерлік мектептері, Физмат, Білім-инновациялық лицейлері іріктеуден өткен ең үздік оқушыларды ерекше жүйемен оқытып жатыр.Яғни, бұл сапалы білім қалған 7 мың мектептегі миллиондаған балаларға қолжетімсіз болып отыр. Сондықтан да, барлық мектептің білімін теңестіру үшін өзгерістер жүріп жатыр.

Жалпы, білім саласында реформа жасау өте қиын. Бір күнде барлық мектеп пен университеттерді тоқтатып қойып, екі-үш жыл жөндеп, қайтадан іске қоса алмайсыз. Яғни, ұшып бара жатқан ұшақты жөндегенмен бірдей. Өз пікірім, бар нәрсені мемлекеттен күтіп отыру дұрыс емес. Кез келген ата-ана мектепке өз үлесін қоса алады. Мәселен, Германияда бір мектептің екі мыңға жуық ерікті қамқоршысы болады. АҚШ-та арнайы сайттар бар, мұғалімге бір нәрсе қажет болса, жабылып жүріп көмектеседі. Өйткені, олар мемлекеттің болашағы білім сапасына байланысты екенін жақсы түсінеді. Сингапурда да қазба байлық жоқ болғандықтан, барлық инвестицияны адам капиталына, мектепке құяды. Бізде де сондай қарым-қатынас жолға қойылса, жақсы өзгерістер болады. Бұл тек материалдық көмек көрсету деген сөз емес. Психолог болсаңыз, мектепке уақыт бөліп, қиын балалармен жұмыс істеуге көмектесіңіз. Журналист болсаңыз, жұмыс орныңызға экскурсия ұйымдастырып, балалардың мамандықты адаспай таңдауына көмектесіңіз т.б.

Балаға қазір теориядан гөрі дағдыларды үйрету керек - 26 жастағы мектеп директоры

Сіздің сұхбатыңызды республикадағы өзге де директорлар оқуы мүмкін. Оларға қандай үндеу немесе кеңес айтар едіңіз?

─Директорлыққа келгеніме көп уақыт өте қойған жоқ, сондықтан еш кеңес бере алмаймын (күлді). Бір ғана айтарым, мектеп директорларын ашық болуға шақырамын. Яғни, оқушылармен, мұғалімдермен, ата-аналармен арада еш кедергі тұрмауы керек. Директорды дәлізде көргенде бала қашпауы керек. Директордың кабинетіне кез келген бала кіре алуы керек. Жалпы қазіргі заманның директоры көшбасшы болуы керек деп ойлаймын. Үнемі алда жүретін ғана емес, әріптестерін ынталандыратын, энергиясын басқаларға бере алатын адам болуы қажет. Шетелдік ғалымдар көшбасшыны екіге бөліп қарастырады. «Өзім» дейтін авторитарлық көшбасшылар болады да, «біздің ұжым», «біздің нәтижеміз» деп сөйлейтін дистрибьютор-көшбасшылар бар. Егер де барлық жұмыс «Біз» деген принципке құрылса, қарым-қатынаста ашықтыққа басымдық берілсе, көптеген мәселелер шешімін табар еді. Ата-ана да, ұстаздар да, оқушылар да сізге құлақ асар еді.

Дереккөз: ҚазАқпарат 

Leave A Reply

Your email address will not be published.