Жамбыл облысында 8 инвестициялық жоба іске асырылуда

0 6

Жамбыл облысында Орталық Азия мен Таяу Шығыста теңдесі жоқ бірегей зауыт салынып жатыр. Жылына 25 млн дозалық дәрілік препаратты шығаратын биокомбинат жыл соңына дейін ашылады деп жоспарлануда. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.

Бұл ауқымды жобаның құны 2 миллиард теңгені құрайды. Бұдан өзге биыл Жамбыл облысында Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша жалпы құны 16 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында шойын балқыту, арматура шығару, кондитерлік өнім өндіретін фабрикалар да бар. 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында өңірде 42 инвестициялық жоба, 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Айта кетейік, «BioVet KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қордай ауданы Сарыбұлақ ауылдық округінде орналасқан. Құны 2 млрд теңгені құрайтын зауыт ветеринарлық вакцина өндірумен айналысады. «BioVet KZ» сияқты ауқымды жоба бұған дейін Орта Азияда болмаған. Бұрын барлық вакцинаны Ресей мен Қытайдан алдыратынбыз. Осы зауыт іске қосылған сәттен бастап, Жамбыл облысы Орта Азия елдерін қажетті вакцинамен қамтамасыз ететін болады. Айта кетейік, зауыттың жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды. Жобаның инженерлік инфақұрылымына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 204 млн. теңге бөлінеді. 3 қабатты ғимараттың 1 қабатында вакцина шығаруға арналған құрал-жабдық, 2 қабатында қойма болады. Ал 3 қабат ауа тазартуға арналған бөлшектермен жабдықталады. «Республикалық бюджеттен бөлінетін ақшаға жарық тартып, су жүйесін ретке келтіруді көздеп отырмыз», – дейді «BioVet KZ» ЖШС басшысы Қанат Маженов. Оның айтуынша, кәсіпорын жылына 25 млн вакцина өндіруі тиіс. Алайда бұл көрсеткішті 65 млн-ға жеткізуге болады. «Егер 65 млн вакцина шығарсақ, Қазақстанды аусыл, сарып ауруларына қарсы екілетін вакцинамен 100% қамтуға қол жеткіземіз. Негізі әр облыс жылына вакцинаға 1 млрд теңге бөледі. Есептеңіз, жылына 14 облыстан 14 млрд теңге вакцинаға кетеді. Бұл ақшаның барлығы сыртқа кетеді. Себебі біз дәл қазір жылына 4-4,5 млрд теңгеге ғана вакцина шығаруға қауқарлы болып отырмыз. Бұл – жалпы сұраныстың 30% ғана», – дейді Қанат Маженов. GMP және GLP стандартына сай ветеринарлық препарат шығаратын биокомбинаттың құрылысы наурыз айында аяқталады. Сәуір, мамыр, маусым айларында құрал-жабдық пен техника орналастырылады. Содан соң ғимараттың айналасы көгалдандырлып, инфақұрылымы іске қосылады. Зауыттың құрылысына 95 адам жұмылдырылып жатыр. Алдағы уақытта бұл жерде 55 адам жұмыс істейтін болады. Жағымды жаңалыққа жергілікті жердің тұрғындары қуанып жатыр. «Қордай ауданында вакцина өндіретін зауыт іске қосылса жұмыссыз отырған жастарға жақсы болар еді. Ауданның экономикасы да алға жылжиды деп үміттенеміз», – деді Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Жәнібек Тілеубаев. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың қараша айында Қазақстанда өндірілген сібір жарасына қарсы вакциналарға қылмыстық іс қозғалды. Өйткені вакцина сынамасы тиісті талапқа сай болмай шықты. Осы тұрғыдан алғанда іске қосылатын жаңа зауыт санға емес, сапаға жұмыс істеу қажет екенін түсініп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.