Алқаптардың электрондық картасын цифрландыру жүргізілуде

0 24

Мемлекеттік жер кадастрының деректеріне сәйкес, шаруашылық субъектілерінің ауыл шаруашылығы мақсатына арналған барлық егістік жерлердің электрондық картасы қалыптастырылып жатыр. Ол үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін minagro.kz веб-порталына орналастырылады. Қазір ауданда барлық  егістік жерлердің электрондық картасын цифрландыру аясында  жоспарлы  жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі таңда ауданда 2529 шаруа қожалық тіркелген. Оның осы категорияға (нақты тіркеуге) жататын 84394 гектар егістік алқабы бар. Соңғы мәлімет бойынша 679 шаруа қожалығы 1668 мемлекеттік актісін тіркетіп, жалпы  ауыл шаруашылығы егістік жері  32 488,35 гектарды құрады. Яғни,осынша егістік жер бүгінгі таңда электрондық картаға еніп отыр. Енді, міне, осы жұмыс барысын талқылай келіп,  аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың қатысуымен аудан әкімдігінде штаб отырысы өтті.

«Аудан бойынша барлық шаруа қожалықтарының ауыл шаруашылығына арналған егістік жерлерін электрондық картаға енгізу керек. Бүгінгі таңда бірде-бір шаруа қожалығы назардан тыс қалып кетпеуге тиіс. Оларға ең алдымен егер егістік жерлері электрондық картаға енгізілмеген жағдайда минералды тыңайтқыштар ала алмайтынын және мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдаулар көрсетілмейтінін ескерту керек», — деді Бақтияр Бейсембайұлы.

Бұл талапты бір жыл ішінде орындамаған заңды тұлғаларға ҚР “Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» №310 заңының 7 және 9 баптары, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 460 бабы бойынша жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатындығын айтты.

Сондай-ақ,  ҚР Жерді пайдалануға қатысты заңының 92,93,94 баптарына тоқтала келіп, жерге мемлекеттік актісі жасалмаған және мақсатты пайдаланылмаған және игерілмеген жер учаскесін меншік иесінен, жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою жағы да қарастырылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.