Жамбылда журналистер жарысы!

0 10

2018 жылдың 30 тамыз күні Тараз қаласында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдары арасында облыс әкімінің жүлдесі үшін шағын футболдан республикалық турнир өтеді. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.

Талай аяқдоп шеберлерін шыңдап шығарған Тараздағы турнирге қатысуға еліміздегі барлық БАҚ ұжымдарын шақырамыз.

Айта кету керек, 30 тамыз – Конституция күнінде Тараз төрінде облыс әкімінің кубогы журналистер арасында сарапқа салынады. Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы ұйытқы болып отырған республикалық додаға қазірдің өзінде «Хабар» арнасы (Астана), Шымкент, Талдықорған қалаларының командалары және Батыс Қазақстан облысынан «Жайық пресс» ұжымы қатысуға ниет білдіруде.

Жалпы, бұл аламан бұрынғыдан өзгерек. Ережелері де ерек. БАҚ саласына қатысы жоқ ойыншылар жарыстан бірден шеттетіледі. Және бәсі биік бәсекеге қатысушылар 28 тамыз күні кешкі 19.00-ге дейін өтініштерін тапсыруы тиіс.

«Аталған турнир барлық журналистер үшін көптен күткен, тартысты ойындарға толы болатын додасы болады деп сенеміз. ҚР Конститутция күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған журналистердің кәсіби футбол бәсекесі болмақ. Әрине, журналистер кәсіби футболшылар емес. Жарысқа телеарна, газет-журнал, т.б. бұқаралық ақпарат құралдарының таза кәсіби тілшілері қатысады. Сондықтан бұл біздің әуесқой журналистердің арасындағы тұңғыш кәсіби жарыс деп мақтанышпен айта аламыз. Жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілейміз, — дейді ұйымдастырушылар.

Ал, журналистер арасындағы жарыстың жүлде қоры қомақты. Жеңімпаз командаға әкім кубогы мен 700 мың теңге сыйақы берілетін болса, екінші орын иегеріне 400 мың, үздік үштіктен көрінген командаға 200 мың теңгенің сертификаты табыс етіледі. Сондай-ақ, «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы» аталымдары бойынша да 25 мың теңге көлемінде марапаттар белгіленген.

Ендеше, өңірде тұңғыш рет ұйымдас­ты­ры­лып отырған аладоп аламанынан шет қалмаңыз.

Аталған турнир Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өтетін болады.

Бұған дейін Шымкент пен Талдықорғанда, Астанада журналистер арасында шағын футболдан түрлі республикалық турнирлер ұйымдастырылып тұратын.  Сол үрдіс Тараз төрінде де жалғасын тапты. Жалпы, тілшілер арасында тұрақты өткізіліп тұратын турнирлер жеткілікті. Келесі турнирді Қызылорда қаласында өткізу жоспарланып отыр. Конститутция күніне орай өтетін доп додасында үздіктер жеңіс тұғырынан көрінетіндігін сенімдіміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.