Жаңатаста облыстық жас ақындар айтысы өтті

0 18

12 тамыз – Халықаралық «Жастар күні» мерекесіне орай және Сарысу ауданына 90 жыл толуына байланысты, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 12 тамызында Орталық алаңда «Жастармен бірге жарқын болашаққа!» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» Ақпараттық Агенттігі Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айтыста алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Омарбек жастарды мерекемен құттықтап, мекеменің директоры М.Бегеевті аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.  Шара барысында, ақындар елдікті, ерлікті жасампаз ұрпақтың ұранына айналған ауқымды тақырыптарды сөз етті.

Мерекелік шараға ҚР Мəдениет қайраткері, «Мəдениет майталманы» медалінің иегері Алтынкүл Қасымбекова, айтыскер ақындар Есет Досалы, Талғат Хұсайынов сынды бірқатар азаматтар қазылық еткен жастардың сөз сайысына облыс аудандарынан келген сегіз айтыскер қатысты.

Нәтижесінде, сөз барымтасында ұтымды ойды сүбелі сөзбен әспеттеген Жуалы ауданының жас ақыны Қанат Мырзахан бас жүлдені иеленді. 1 орынды Байзақ ауданының ақыны Дидар Басығараев олжалады. 2-3 орындарды меркілік Мейіржан Жекебаев пен Жамбыл ауданының ару ақыны Шапағат Сәбитқызы өзара бөлісті. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, ауданның орталық алаңында әр аптаның жұма, сенбі күндері қазақтың рухани құндылықтарын асқақтататын іс-шаралар жүйелі өткізілуде. Сондай іс-шаралардың бірі – қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан ақындар айтысы өтті. облыстық ақындар айтысына сегіз ауданнан жас айтыскер ақындар қатысып, Жаңатас қаласы тұрғындарының көңілдерін көтеріп, сөз өрнегінен шашу шашып, бір серпілтіп тастады.

«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты… мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын жырлағандай, елдігіміздің айнасына айналған бүгінгінің жастары позитивті өмірді қалыптастырып жүр. Қоғамдағы рөлін анық сезінетін өскелең ұрпақ өзіне артылған жүктің салмағын сезінуде. Бүгінгі таңда, жастар саясатының іске асырылуына аянбай еңбек етіп келе жатқан «Жастар ресурстық орталығы» ұжымы мақсатты жолдан көз жазбай келеді, — деп ұйымдастырушыларға келген қонақтар алғысын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.