Таразда отандық БАҚ-тың танымал журналистері шеберлік сабақтарын өткізуде (ФОТО)

0 7

Дәл қазіргі уақытта М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде отандық БАҚ-тың танымал журналистері аймақтың жас журналистеріне арнап шеберлік сабақтарын өткізуде. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Агенттігі хабарлайды.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры Қазақстан жастарының конгресімен бірге «Jas Qalam» жастар журналистикасын дамыту жобасын жүзеге асыру мақсатында өткізіліп отырған жас журналистер форумы Тараз қаласынан басталды. Аталмыш форумға 14 пен 29 жас аралығындағы жас журналистер және болашақта журналист боламын деген жастар қатысуда.

Бұл туралы «Jas Qalam» жастар журналистикасын дамыту жобасының жетекшісі Аида Сыздықова былай дейді:

– Конгресс жастарға қатысты жыл сайын әртүрлі іс-шаралар өткізіп отырады. Былтыр, мысалы, «Жас медиа» жобасы шеңберінде 4 күндік курстар өткіздік. Биыл Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының қолдауымен «Jas Qalam» жобасын қолға алдық. Ондағы мақсат – журналистік жолды енді бастап жатқан жастардың майталман мамандармен кездесуін ұйымдастырып, тәжірибе жинауға мүмкіндік туғызу, – дейді.

Жиынның ашуылуында облыстық жастар мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен сөз сөйлеп, жас журналистердің біліктілігін арттырудың маңыздылығы мен қоғам мен билік арасын жалғастырушы көпірге айналған журналистиканың бүгінгі рөлі туралы ой қозғады.

Мәди Мейірбекұлы, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

— Журналистика саласы күннен күнге даму үстінде. Барлық БАҚ-тың мақсаты ортақ. Осы орайда, бүгінгі жоба жастарға пайдасын тигізеді деген ойдамын.

Шеберлік дәріс өткізуге Әулиеата жеріне «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайл Смайыл, «Қазақстан» телеарнасындағы «Мәселе» бағдарламасының авторы, КТК журналисті Нартай Аралбайұлы, сондай-ақ, «Мәселе» бағдарламасының режиссері Жандос Қалтаев келді.

Айта кетейік, жоба 3 кезеңнен тұрады: өтінім қабылдау – іріктеу кезеңі; аймақтық форумдар; қорытынды республикалық форум. Нәтижесінде, 500-ге жуық жас журналистерді оқытып, менторлық көмек көрсету арқылы журналистік жолдағы прогрессін бақылау көзделген.  Жоба мақсаты – еліміздің журналистика саласын дамыту. Аталған форумдар  бүгін Таразда өтсе,  16 қыркүйек — Алматы, 25 қыркүйек – Семей, ал 5 қазанда Астана қаласында жалғасын табады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.