Жамбыл ауданындағы «Тимофеев» шаруа қожалығы мал басын көбейтуде

0 15

Жамбыл ауданындағы «Тимофеев» шаруа қожалығы 150 бас сауынды сиыр өсіріп жатыр. Бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа қожалығы сүт өндіру ісін де қолға алған, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Тимофеев» шаруа қожалығы — Жамбыл ауданы бойынша ең ірі шаруа қожалығының бірі.  Кәсібін тоқсаныншы жылдардан бастаған шаруашылықта қазір төрт-түлік малдың бәрі бар. Оған қоса үй құстарының да бірнеше түрін асырайды. Жәй ғана трактор айдап жүрген Андрей Тимофеев — осындай  қожалықтың иесі боламын деп еш ойламаған. Кәсібінің көзін тапқанына қуанышты.

Андрей Тимофеев, кәсіпкер:

— Жұмыс істейтін болсаң оны сапалы істеу керек, егер оны сапасыз істейтін  болсаң,жұмысты бастаудың да қажеті  жоқ. Міне мен сияқты  басқада шаруашылықтар бар саны бар, сапасы жоқ. Барлық жұмыста қателіктер болады оны дер кезінде жөндеп,өңдеп тұру керек. Бізде де ондай жағдай болады, біз тазалап, жөндеп, дер кезінде қалыпқа келтіріп аламыз.

Сиыр, жылқы, қой мен шошқаға қораларын сайлап, қысы-жазы жем суын беріп қарайды. Еңбек түбі – береке демекші шаруа қожалықтан табысын тауып, отбасын асырап отыр. Жағдайы төмен отбасылар мен жетім балаларға қайырымдылық жасап тұрады. Қарамағында 50 жұмысшы бар. Өз балаларымен қоса кәсіп үйренемін деген жастарға да жол көрсетіп жүр.

Мұса Байгудинов, жұмысшы:

— Осы жерде жұмыс істеп жүргеніме 15 жыл болды. Жұмыс жақсы,өзімізге ұнайды. Айлығын айма-май төлеп тұрады. Көмегін де беріп тұрады. 

Шаруаның көзін тауып,  шаршамай еңбек етіп жүрген азамат, сүт өнімдерін де өздері өңдеп, дайындайды.  Арнайы  дүкендері арқылы айран, сүт, ірімшік, құрт пен май және ет сатып, халыққа табиғи таза өнім ұсынуда.

Роза Тұрсыноглы, жұмысшы:

— Мен бұл жерде жұмыс істеп жүргеніме 7 жылдай болып қалды. Жұмысым таза әрі жылы жерде, май, ірімшіктерді жасаймыз.тағы не айтайын бастығымыз өте жақсы адам бізге көмектеседі, жағдайымызға түсіністікпен қарайды. 

Қожалықта барлығы 360 бас ірі қара бар. Оның 150-і сауынды сиыр. Төрт түлік өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер мал басын бұдан да көбейтуді жоспарлап отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.