Жамбыл облысында 3 ауданда «Коворкинг» орталықтары ашылады деп жоспарлануда

0 8

Жамбыл облысында жыл соңына дейін Қордай, Сарысу, Мойынқұм аудандарында «Коворкинг» орталықтар пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен мәлімдеді, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Бүгінгі күнде «Нұр Отан» партиясының бастамашыл жобалары аясындағы «Коворкинг» орталықтар Тараз қаласы мен Жуалы, Талас, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарындағы мәдениет үйлері мен кітапханаларда жастарға қызмет етуде. Бұл орталықтарда жастар бос уақыттарын тиімді өткізумен қатар, кітап оқып, шахмат, тоғызқұмалақ сынды ойындарды да ойнайды.

Қазіргі уақытта облыстағы 12 (1 облыстық, 1 қалалық және 10 аудандық) «Жастар ресурстық орталықтарында» жалпы саны 371 маман қызмет атқарады. Белгіленген межеге сәйкес, аудандық және қалалық «Жастар ресурстық орталықтары» тарапынан 11 674 жасқа кеңес беріліп, меже 123% пайызға орындалды.

Ресурстық орталықтардың басты міндеттерінің бірі- жастарға кеңес беру, ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсету болса, талдау көрсеткендей, жергілікті мамандар бұл жұмыстардың үдесінен толыққанды шыға алмауда. Яғни, мамандардың біліктілігін көтеру өзекті болып отыр. Осы орайда, басқарма тарапынан барлық 12 Ресурстық орталықта қызмет атқаратын, тікелей жастармен жұмыс жүргізуге жауапты 242 маманның 208-і тестілеуден өтті. Нәтижесінде, мамандардың біліктілік деңгейі орташа 58,2 пайызды көрсетті.

Сондай-ақ, жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жетілдіру және өзара тығыз байланысты нығайту мақсатында облыстық іс-қимыл жоспары әзірленуде. Жалпы, жыл басынан бері басқарма тарапынан жастар арасында түрлі салаларды қамтыған 70-ке жуық көпшілік шаралар өткізіліп, оған 50 мыңнан астам облыс жастары қатысты.

Келесі өзекті мәселенің бірі-жастар бас қосатын мәдени-спорттық нысандар желісін ұлғайту. Бұл бағытта мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін белсенді пайдалана отырып, жастардың бос уақытын ұйымдастыру жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған» облыстық жоспары бекітілген. Оған 131 тармақ енген. Бүгінде 57 жоба іске асты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.