Аймақта инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша өңірлік кеңес отырысы өтті

0 3

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзаxметовтың төрағалығымен инвесторлар тарту және инвестициялық аxуалды жақсарту бойынша өңірлік кеңес отырысы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаев баяндама жасады. Ол атқарылып жатқан жұмыстар мен кездесіп отырған келеңсіздіктерге жан-жақты тоқталып өтті.

Атап айтар болсақ, басқосу барысында бос жерлердің интерактивті картасын әзірлеуде және 13 инвестициялық жобаны жүргізуде орын алып отырған олқылықтар сөз болды. Қаржы құйып, жұмыс жасауға ниетті кейбір инвесторларға қажетті жерлерді бөлуде жұмысты сылбырлыққа салып отырған аудандар да жоқ емес болып шықты.

Сондай-ақ, жиында Асқар Мырзахметовке «Экожер», «Гамбург», «КАЗ мияд Қордай» секілді нақты қаржыландыруды қажет ететін жобалар да таныстырылды. Мұндай өңірге ірі қаржы әкелетін инвесторларға біз көмектесуіміз керек деді облыс басшысы. Мәселен: «Экожер» компаниясы 17 миллиар теңгеге Жамбылда қоқыс қалдықтарын өңдейтін зауыт салуға мүдделі. Ал, Гамбург пен Казмияд Қордай серіктестіктері 8000- басқа дейін мал бордақылауға болатын кешендер салуды жоспарлап отыр. Бұл тұрғыда аймақ басшысы мал бақсаң әуелі өрісін тап деген мақалды еске салды. Осыншама мал ұстағаннан кейін оның міндетті түрде жайылымдық немесе шабындық жері болуы керек. Ал, қағаз жүзінде бәрін қатыра салғанымызбен, кейін ол малды қалай жем-шөппен қамтамасыз ету жағын да ойлануды ескертті.

Асқар Исабекұлы мәселенің маңыздылығын баса айтып, облыстың инвестициялық аxуалын арттыруда тиісті тараптардың бірлесе, жоспарлы жұмыс жүргізуінің тиімділігін тілге тиек етті. Құрғақ сөзден гөрі уақыт оздырмай нақты нәтижеге қол жеткізу керектігін ескертті.

Жиында туындаған сауалдар бойынша бірқатар аудан әкімдерінен жауаптар алынды. Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.