Сенат депутаттары Байзақ ауданы тұрғындарымен кездесті

0 8

Апта басында Елбасының халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев ауданға арнайы келіп, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Сарыкемер мектеп-гимназиясының мәжіліс залында өткен жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан басшысы Рахматілдә Рахманбердиев Елбасы Жолдауын насихаттауға байланысты республикалық ақпараттық — насихат тобының құрамында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев аудан тұрғындарымен кездесуге келгеніне тоқталды. Сондай-ақ, осы мақсатта аудан аумағында кең көлемде ақпараттық жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сенатор Мұратбай Сматайұлы әңгімені әріден бастап, Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанның жеткен жетістіктерін, оған Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты нәтижесінде қол жеткенін айта келе, Жолдаудың негізгі басымдықтарына жеке-жеке тоқталып, кең көлемде түсінік берді.

«Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы мерзімі мен мағынасы, салмағы жағынан да өзгеше болды. Президент: «Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты» болады деді. Бірінші кезекте Елбасы халық табысының өсуіне мән берді. Осы ретте Елбасы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни, 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды», — деді Мұратбай Жолдасбаев. 

Ал, сенатор Абдалы Тоқбергенұлы Жолдауда айтылған тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құру тиімді сыртқы саясат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысуы мәселелерi бойынша нақты мысалдармен, талдай отырып түсіндіріп берді. Өмір сүру деңгейінің артуы — әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты екенін атап өтіп, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі секілді әр азаматқа, әр отбасына қатысты мәселелерге ерекше тоқталды.

Осы орайда, Елбасының: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын» деген ұсынысы жиналғандар тарапынан зор қолдау тапты.

«Жастардың заманға сай білім алуы — еліміздің болашағын жарқын ету жолындағы аса маңызды іс. Педагог мәртебесінің өсуі жастарға білім және тәрбие беру бағытындағы жұмыстарға үлкен серпіліс, оң өзгерістер әкеледі. Бұл заң арқылы мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін игіліктер қарастырылып, олар жөнсіз тексерулерден, басқа да жүктемелерден құтылатын болады», — дей отырып, жиын қатысушыларын аталмыш заң жобасына қатысты ұсыныстар беруге және белсенділік танытуға шақырды. 

Жиынды қорытқан аудан әкімі Рахматілдә Сегізбайұлы сенаторларға Елбасы Жолдауындағы өмір сапасын арттыру бағытын атап өтіп, аудан экономикасын көтеру мақсатында 21 елдімекенді газбен қамтамасыз ету, 23 елдімекенге таза ауыз су тарту мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етулерін сұранды. Өз кезегінде Сенат депутаттары кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлерді зерделеп, оң шешілуіне атсалысатындықтарын жеткізді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.