Облыс әкімдігінде өңірдегі жастар саясаты бойынша жиын өтті

0 1

Бүгін облыс әкімдігінде өңірдегі жастар саясаты бойынша жиын өтті. Онда облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының жоспары қаралды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аталмыш басқарма басшысы Мәди Мәтен баяндама жасады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Мәди Мейірбекұлы облыста мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың 2019-2020 жылдарға арналған Жол картасы әзірленгендігін айтып, оның ішінде жастарды жұмыспен қамту, әлеуметтендіру, жастардың кәсіпкерлігін дамыту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, тұрғын үй жүйесін дамыту сынды бағыттар қамтылғанын жеткізді.

Сондай-ақ, Тараз қаласы мен аудан әкімдері, білім, дене шынықтыру және спорт, мәдениет, архивтер және құжаттама, денсаулық сақтау, жастар саясаты мәселелері басқармалары және үкіметтік емес жастар ұйымдары ұсыныстарының негізінде облыстық желілік кесте әзірленіп, жалпы саны- 300 шара белгіленіпті.

Басқарма басшысы жалпы келер жылға жоспарланып отырған 16 іс-шараға 86 млн. теңге кетеді деп жоспарлап отырғандығын тілге тиек етті. 16 іс-шараның 1-і халықаралық, 5-і республикалық, 10-ы облыстық деңгейде ұйымдастыруы жоспарланған. Ал, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс ретінде 60,5 млн. теңгегенің 10 іс-шарасы өткізу көзделіпті.

Облыс басшысы Асқар Исабекұлы жалаң науқаншылдықтан, құрғақ қағаздағы есеп үшін өтетін қаптаған мазмұнсыз жиындардан арылатын кез жеткендігін ескертіп, күнделікті нақты жұмыстармен айналысу керектігін баса айтты. Жергілікті жастар ресурстық орталықтардың жұмыс істеу механизімін жетілдіріп, жандандыру керектігіне назар аудартты. Кез-келген шараны жоспарлауда алдымен оның нәтижелігіне көз жеткізудің ұтымдылығын, саны бар сапасы жоқ форум, акцияларға кететін қаржыны тиімді бағыттарға жұмсаудың маңыздылығын тілге тиек етті.

Өңір басшысы жастар арасындағы жұмыссыздық, қылмыс секілді мәселелерді азайту, ынталыларын кәсіпкерлікке баулу секілді бастамалардың баяндылығына көңіл бөлді. Жиналғандарды жасөспірімдердің бойында тағылымды тәлім-тәрбиені қалыптастыратын, ұлттық код-ұлттық болмысымызды оятып, рухани жаңғыртатын игі шараларды ұйымдастырудың ұтымдылығын ұғынуға шақырды. Асқар Исабекұлының тапсырмасына орай басқарма басшысы іс-шаралар жоспарын қайта қарайтын болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.