Тазалық пен тәртіпке тұрғындар да жауапты!

0 8

Құрметті Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары!

Бүгінде екі мың жылдан астам тариxы бар шаһарымыздың шырайы күн санап артып келеді. Қала ажарын арттыруға қатысты атқарылып жатқан толайым тірліктерге баршамыз куә болып отырмыз. Солардың алғашқы нәтижелері ретінде қала күні қарсаңында бірқатар сәулетті нысандар мен демалыс алаңдары ел игілігіне берілді. Атап айтар болсақ, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс», Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтар мен «Үшбұлақ» демалыс орны көз жауын алардай жайнап, қала тұрғындары мен қонақтарына әдемі әсер сыйлауда. Алдағы кезеңдерде тарихы терең шаһардың келбеті одан әрі әрленіп, құлпыра түспек.

Бүгінгі таңда барды бағалап, оны сақтай білу маңызды. Алайда, ол нысандардың ашылғанына аптадан аспай жатып «әттеген-ай» дейтін жәйттар кездесуде. «Жеңіс» саябағы, ондағы «Үшбұлақ» каналы жағалауындағы демалыс аумағының жарықшамдары мен орындықтарын сындырып, әдепке сыймайтын сөздер жазып, қоқыс жәшіктерін құлатып кеткен жағдайлар орын алуда.

Шаһар меймандары «Тараз – таза қала» деген пікірде қалуы барша тараздықтар үшін үлкен мәртебе. Ортақ игілігімізді аялай білсек, әрбіріміздің сүйікті қаламыздың дамуына қосқан үлесіміз болар еді. Олай болса, барлығымыз бір кісідей қаланың тазалығы мен саябақтардың сақталуына асқан жауапкершілікпен қарайық. Өзгелерді де осы өнегелі іске аянбай атсалысуға шақырайық! Барды бағалау — баршамыздың міндетіміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.