Шу өңірінде шағын макарон цехы ашылды

0 14

Шу өңірінде шағын макарон цехы ашылды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Тұтынушыларға дайын өнімді ұсынатын аталмыш цехтың қосымша құрылымы ретінде мұнда кондитерлік өнімдер де шығарылады. Бұл кәсіпорынның ашылғаны ең әуелі шулықтарға тиімді болды. Өйткені, жергілікті тұрғындарға тұрақты жұмыс орны ашылса, онымен қоса, өндірілген өнімдер де ауданның орталық базарына тасымалданады.

Ал, аталған цехтың директоры Есенбек Тәжібекұлының айтуынша, қазіргі кезде цех әлі де болса толық қуатында жұмыс істемей тұрған көрінеді.

– Жасыратыны жоқ, ұзақ жылдар бойы дәл осы макарон мен кондитерлік өнімдерді Алматы мен Шымкент қалаларындағы жеке кәсіпкерлерден сатып алып, оны өзімізде өткізумен айналысып келдік. Кейін жақындарыммен ақылдаса келе, макаронды неге өзіміз өндіріп көрмеске деген ой келді. Рас, әуел баста сенімсіздік те болды. Әйткенмен, тәуекелге бел буып, Шу қаласынан бір ғимаратты жалға алып, бастапқы ойымызды жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Цехтың ашылғанына бір ай енді ғана болды. Сол себепті, қазір өнімді аз мөлшерде шығарып жатырмыз,- дейді цех директоры Есенбек Тәжібекұлы.

Мұнда кондитерлік өнімдерді және макарон мен кеспе өнімдерін шығаруға арналған бірнеше құрылғы бар. Оның барлығын Астана қаласынан сатып алдық. Ендігі мәселе, өзіміздің жеке ғимаратымыз болса деймін. Осыған байланысты, жергілікті әкімдіктен қолдау болса кәсібіміздің көкжиегін кеңейтуге көп септігін тигізген болар еді, — дейді жеке кәсіпкер.

Кәсіпорын басшылары цехтың өнімдерін нарықтағы бағадан төмен бағада сатуда. Мәселен, макаронның бір келісі базарда 120-130 теңге болса, мұндағы баға 110 теңгенің көлемінде.

Сонымен қатар, цехтағы бірқатар кондитерлік өнімдер «Жасмин» және «Сәуле» атауымен базар мен дүкен сөрелеріне жол тартуда. Оған қоса, макарон мен «Айгерім» атты кеспе де арнайы қораптармен тұтынушыларына тұрақты жеткізіліп жүр. Егер   тұтынушылар макаронның әртүрлі келідегі түрлерін сатып алуды қолайлы көрсе, мұндай сұраныстар да толығымен өтеледі. Сонымен бірге, мұндағы кондитерлік өнімдер бірінші сортты ұннан дайындалса, макарон екінші сұрыптан әзірленеді.

Жұмысын бастағанына бір айдың жүзі енді ғана болған цехта қазір 5 адам еңбек көрігін қыздыруда. Ондағы білікті мамандардың бірі — кондитер Сәбит Аллабергеновтың сөзіне сенсек, олар тек сапалы өнімді шығаруға күш салуда екен.

— Алматы қаласындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде «Өнімдер өндірісінің технологиясы» мамандығы бойынша білім алдым. Сондықтан бұл жұмыс маған таңсық емес. Мұндағы жұмыс енді ғана басталды. Дейтұрғанмен, аяқ алысымыз жаман емес. Шу қаласындағы алғашқы кондитерлік цех болғандықтан және тек сапалы өнім шығаратындықтан алдағы уақытта үлкен жұмыстар атқаруға болады деп ойлаймын,- дейді кондитер.

Мұндағы мамандардың айтуынша, олар тәулігіне 100-150 келі макарон өнімін, 50 келіге дейін кондитерлік өнім түрлерін шығарады екен. Әрине, цехтың қуаттылығы бұдан да мол өнім өндіруге қауқарлы. Тек, әлі де болса тапсырыс мөлшерінің төмен болуы кәсіпорынның толық қуатта жұмыс істеуіне қолбайлау болып отырған көрінеді. Макарон цехының бастапқы аяқ алысы жаман еместігі болса да, аудан нарығын игеруге әлі де біраз ізденістерді қажет етеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.